Қазақстаннан қанша босқын пана тапты

Елімізде Ауғанстан, Украина, Өзбекстан, Сирия және ҚХР-дан келген босқындар тұрады

Қазақстаннан қанша босқын пана тапты
Фото: freepik.com

Бүгінде Қазақстанда 5 елден келген 325 босқын тұрады. Республика аумағын паналаған барлық шетелдіктер Қазақстанның босқындарға қатысты халықаралық қоғамдастық алдындағы міндеттемелеріне сәйкес мемлекет тарапынан қорғаумен және қолдаумен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1998 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан БҰҰ-ның 1951 жылғы «Босқындар мәртебесі туралы» конвенциясына (бұдан әрі – Конвенция) ресми түрде қосылып, өзіне белгілі бір міндеттемелер алды. 

Қазіргі уақытта республикада Ауғанстан, Украина, Өзбекстан, Сирия және ҚХР-дан келген 325 босқын тұрады. Олар елден шығарылмау бойынша қорғалған.

«Босқындармен жұмыс жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанында ұлттық заңнама нормаларын Конвенция ережелерімен имплементациялау жөніндегі жұмыс тобы жұмыс істейді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде БҰҰ-ның босқындар жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының сарапшылары кіреді.

Жұмыс тобы босқындарға Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктермен тең дәрежеде медициналық көмекке, білім алуға және әлеуметтік көмекке қолжетімділік беру жөнінде ұсыныстар әзірледі. Бұл ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдардың қарауында», - деп жазылған хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.