Үкімет Республикалық кеңестің ұсыныстарына міндетті түрде құлақ асады – Жұлдыз Сүлейменова

Депутат республикалық кеңестің жүйелі жұмыс атқарғанын айтты

Үкімет Республикалық кеңестің ұсыныстарына міндетті түрде құлақ асады – Жұлдыз Сүлейменова

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық кеңестер сайлауалды уәделердің сапалы әрі жүйелі орындалуына мониторинг жасаумен айналысады. Партия жанындағы кеңестер биыл да өз жұмысын қарқынды түрде жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«AMANAT» фракциясының мүшесі Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова партия жанындағы денсаулық сақтау және білім беру мәселелері жөніндегі кеңесі жұмысының атқарған жұмысы жайлы айтып берді.

 «Кеңес аясында біршама отырыс өтті. Білім саласы мен денсаулық саласы, ғылым саласы болғандықтан, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған ауқымды кешенді жоспар қабылданды. Жоспар аясында біз орталық мемлекеттік орган жергілікті атқарушы билік органдарымен жүйелі жұмыс жүргіздік. Кеңеске 43-тен астам азамат мүше болып отыр. Оның ішінде азаматтық қоғам өкілдері, журналистер мен білім, ғылым және денсаулық сақтау саласының сарапшы мамандары бар. Біз Үкіметке жолдаған ұсыныстарымыздың аясында біразы заңнама бойынша шешімдер тапты. Біразы Парламент норма ұсынса, соның аясында қаражат қамтамасыз етсе, міндетті түрде Үкіметке жолданады. Бұл процестер біздің Конституциямыз бен регламентке сай ретімен жүзеге асырылады», - деді Кеңестің төрайымы Жұлдыз Сүлейменова.

Депутат кеңес аясында бірқатар маңызды, ауқымды тақырыптар талқыланғанын атап өтті.

«Мәселен, вейп мәселесі мен энергетикалық сусындар мәселесі, ауылдық жердегі медицина мәселесін талқылаған кезде біз өз ұсыныстарымызды қосып отырдық. Үкімет біздің үнімізді тыңдап, шешім қабылдаған кезде кеңестің ұсыныстарына міндетті түрде құлақ асады. Кейде өздерінің ведомствоаралық жиналыстарына шақырып, онда да біз өз ұсыныстарымызды айтып, дәлелдеуге мүмкіндік алып отырамыз», - деді Жұлдыз Сүлейменова. 

Депутат кеңестің қатысуымен қолданған шешімдер де аз емес екенін жеткізді.

«Мәселен, Түркістан облысында жалақы уақытында берілмей, айлық кешіктірілген мәселе кеңес мүшелерінің араласуымен шешілген болатын», - дейді Сүлейменова.

Еске салсақ, білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңес отырысының қорытындысы бойынша 2021-2022 оқу жылындағы жалақы және демалыс бойынша педагог кадрларға төлемдерді кешіктіру бойынша резонанстық мәселе оң шешімін тапқан.

Кеңес жұмысының аясында білім беру нысандарының сапалы құрылысы мен уақтылы тапсырылуына бақылау жүргізілді. 2 жыл ішінде 502 мектеп (222 мың орындық) ашылды, 2 мың мектеп толық жөндеуден өтіп, 992 балабақша ашылды (84 мың орындық). Сонымен қатар студенттерге арналған 20,1 мың орындық 93 жатақхана пайдалануға берілген.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.