Аталған режим өткен демалыс күндері болған дауылдың салдарын жою үшін жарияланбақ
Павлодар қаласы мен оған жақын елдімекендерінің аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Павлолдар ұаласының әкімі Хасар Хабылбековтың төтенше жағдай жариялау туралы шешімі «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Құжатқа сәйкес, Павлодар қаласы аумағында, Ленин кентінің, Павлодар қаласы маңындағы Жетекші, Мойылды, Павлодар ауылдарының және Кенжекөл ауылдық округінің аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланады.
«Жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою басшысы болып Павлодар қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасары тағайындалсын. Осы шешімнің орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын», - делінген әкім бұйрығында.
Павлодар қаласының әкімдігі аталған режим өткен демалыс күндері болған дауылдың салдарын жою үшін жарияланғанын мәлімдеді. Павлодар қаласының коммуналдық қызметтері апаттың салдарын жою жұмыстаны жалғастырып жатыр. Облыстық ТЖД мәліметінше, облыстағы 33 ауыл жарықсыз қалып отыр, дауылдан келген шығын көлемі әлі есептеліп жатыр.
Айта кетсек, бұған дейін Қарағанды облысында төтенше жағдай жарияланатыны айтылған болатын.