Алты мыңға жуық тасымалдаушының жағдайын нашарлатқан бұйрық қайта қаралды
Халықаралық тасымалдау саласында артық талаптар күшін жояды
Көлік прокурорлары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің халықаралық автомобиль тасымалдарын реттеу саласындағы бірқатар нормативтік актілерге түзетулер енгізілген 2022 жылғы 13 желтоқсандағы бұйрығын зерделеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, өзгерістер тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат алу, автокөлік құралдарына рұқсат карталарының қолданылу мерзімдері бойынша талаптарды күшейтті және тұтастай алғанда бұл 6 мыңға жуық отандық тасымалдаушының жағдайын нашарлатты.
Бұл бейінді министрлік аталған бұйрықты құқықтық инновациялардың халықаралық тасымалдаушылар мәртебесіне түсетін кәсіпкерлердің қызметіне қалай әсер ететінін міндетті алдын ала талдаусыз қабылдағанының салдары (Кәсіпкерлік кодекстің 82-бабы).
«Осыған орай көлік прокуратурасы өз ұсынысында жаңадан құрылған көлік министрлігінің алдына заңдылықтың бұзылуын жою және осы салада бизнес жүргізу үшін рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдау туралы бірқатар сұрақтар қойды», - делінген ведомство хабарламасында.
Бүгінгі таңда Министрлік басқа уәкілетті органдармен бірлесіп, бұйрықтан тасымалдаушылар ұсынатын артық құжаттар мен мәліметтерді алып тастауды көздейтін жаңа түзетулер әзірледі, өйткені олар туралы бірқатар қажетті ақпарат мемлекеттік органдардың цифрлық дерекқорларында бар (қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлем декларациясы, жүргізушілермен жасалған еңбек шарттарының көшірмелері және т.б.).
Осы түзетулерді қабылдау тиісті құжаттама пакетін үштен біріне қысқартуға және тасымалдаушыларға қойылатын талаптарды едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.