Қазақстанда автокөлікті міндетті сақтандырудың жаңа тарифі бекітілді
Сақтандыру ұйымдары түзету коэффициенттерін жылына бір рет арттыруға немесе азайтуға құқылы
2024 жылдан бастап автокөлікті міндетті сақтандыру құны өзгереді. Енді сақтандыру құнына көлік құралы тіркелген өңірдегі апатты жағдайлар деңгейі ықпал ететін болады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы нарығын ретте және дамыту агенттігі хабарлағандай, өңірде апатты оқиғалар аз болған сайын сақтандыру компаниясы аздау төлем жасайды және тиісінше, сақтандыру тарифі де азырақ болуға тиіс.
Қазір сақтандыру сыйлықақысының мөлшерін айқындау кезінде жүргізушінің жасы мен көлік жүргізу тәжірибесі, автокөліктің типі, оны пайдалану мерзімі, автомобильдің тіркелген өңірі мен жүргізушінің апат жасау жағдайлары есепке алынады (жүргізушінің тәртібі үшін жеңілдіктер немесе үстемеақылар).
«Автокөлікті сақтандыру құнын анықтаудың жаңа тәртібі өңірдегі апаттылық деңгейіне қарай оларға түзету коэффициенттерін қолдану арқылы көлік құралы тіркелген өңірдің өлшемін түзетуді көздейді. Түзету коэффициенттері Сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқордағы автоматтандырылған есептеу арқылы жыл сайын айқындалатын болады. Бұл ретте барлық қолданыстағы өзге де өлшемшарттар, оның ішінде көлік жүргізу тарихы сақталады», - деді агенттік өкілдері.
Қазан Агенттік 2024 жылға арналған түзету коэффициенттерін бекітті, олар көлік құралы тіркелетін әрбір өңірге қолданылатын болады. Алдын ала болжам бойынша еліміздің 11 өңірінде автокөлікті сақтандыру құны төмендейді (мысалы, Алматы қ. 18%-ға, Атырау облысында 29%-ға), 7 өңірде сақтандыру құны артады (мысалы, Астана қ. 5%-ға, Шымкент қ. 9%-ға), Қарағанды және Ұлытау облыстарында – сақтандыру құны өзгеріссіз қалады деп күтілуде.
Сақтандыру ұйымдары түзету коэффициенттерін жылына бір рет +/-10%-ға арттыруға немесе азайтуға құқылы.
«Мұндай тәсіл автокөлікті сақтандырудың әділ құнын қамтамасыз етуге бағытталған және автокөлікті міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларын уақтылы жаңартып отыруға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.