Тұрмыстық зорлық-зомбылық, бұзақылық: депутат қоғам дертімен бірге күресуге шақырды
Самат Нұртаза Президенттің сөзімен бой түзеу керек екенін айтты
Мемлекет басшысы жасап жатан барлық реформаның түбінде Заң мен Тәртіп қағидаты жатыр. «AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Самат Нұртаза осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Заң жөнделмей - ештеңе жөнделмейді. Әділдік принципі күллі қоғамға бірдей болуы - мемлекет тұрақтылығының кепілі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Tоқаев та бұл философияны білетініне күмәнім жоқ. Бүгін Президентіміз сот, прокуратура және полиция басшылығын жинап, Әділдік пен Теңдік туралы мәселе көтергені хабарланды. Бұл тақырып – идеологияның темірқазығы болуы керек», - деді жазды депутат әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, бай-кедей, ер-әйел, дін-тіл, ұлт-нәсіл айырмашылығына қарамай, заң бәріне бірдей болу тиіс.
«Қазақ даласын дүр сілкіндірген Бишімбаевтың қылмысы да, Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның шешіміне катализатор болған сияқты. Қоғамдағы проблемаларды жасырмай, ашық айту керек деп өзекті мәселені көтеріп отыр. Зорлық-зомбылық, вандализм, әйелдер мен жасөспірімдерге көрсетілетін әлімжеттік – осының барлығы қоғамымыздың дерті. Ұзын сөздің қысқасы, «Тәртіпке бағынған қоғам – өркениетті болады» деген Президенттің сөзімен бой түзеу керек. Сонда жаман болмаспыз», - деді депутат.
Еске салсақ, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесіп, заңның сақталуына, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыруға қатысты мәселелерге баса мән берген болатын. Президент қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұрып, жолын кесуді тапсырды.