$ 516.93  542.52  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«3 млн теңге пара алып, жоғары балл жинауға көмектеседі»: Зайытов ҰБТ-ға дайындайтын компаниялар жайлы

Ол белгілі бір топтың қалтасын халық толтырып отырғанын айтты

«3 млн теңге пара алып, жоғары балл жинауға көмектеседі»: Зайытов ҰБТ-ға дайындайтын компаниялар жайлы
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Ринат Зайытов ҰБТ мен біліктілікті арттыруға арналған тестілеуге дайындайтын компаниялардың жұмысын сынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«2019 жылдан бастап еліміздегі Ұлттық бірыңғай тестілеу және Педагог қызметкерлерінің біліктілігін тестілеу «Тест жүйелерін жетілдіру» деген желеумен U-STUDY секілді жеке компанияларға келісімшарт арқылы берілген. Бәлкім бұл келісімнің ар жағында шынымен жақсы ниет болған шығар, алайда бүгін біз бұл тәжірибенің өте сәтсіз болғанын көріп отырмыз. Ол сәтсіздіктің салдарын тағы да қарапайым халық тартып отыр. Дәлірек айтсақ, келісім жасалғаннан бері ҰБТ-ның бағасы 2 240 теңгеден 5 640 теңгеге, яғни екі есеге өсті. Бұл бір. Келесі, өңірлерде 114 ҰБТ өткізу пункті жабылып, тест тапсырушыларға қосымша жол мен жатын орын шығынын алып келді. Мысалы, тест тапсыру ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік пен қуаныш. Олар баласын қолдап, барын салып орталыққа баруға мәжбүр. Өйткені, тестілеу пунктері аяқ-жетім жерлерден алыстап кетті. Онсыз да табысынан шығыны көп халыққа, бұл тағы бір салмақ болып отыр», - деді Ринат Зайытов.

Депутат бұл мәселенің бір ұшы ғана енді сол компаниялардың мемлекетке келтірген зияндарына тоқталды.

«Біріншісі 2019 жылы Ұлттық тестілеу орталығының шотынан 46 млн теңгеден астам қаражат «U-FUTURE» компаниясына бағдарламаны қамтамасыз ету үшін тікелей бір көзден берілген. Алайда біздегі ақпарат бойынша қаражатқа сай бағдаламалық қызмет көрсетілмеген. Екіншісі, 15 жыл бойы сараптамадан өткен, мыңдаған оқытушылардың еңбегімен жасалған, кемінде жүздеген миллион теңге тұратын Ұлттық тестілеу орталығына тиесілі 21 мыңға жуық тест сұрақтары мен тапсырмалары өтеусіз негізде «U-FUTURE» ұйымына тегін берілген. Ал өз кезегінде «U-FUTURE» фирмасы осы тест тапсырмаларын пайдалана отырып, педагогтар үшін ақылы негізде сынақ тестілеуін өткізіп отыр», - деді депутат.

Оның айтуынша, «U-FUTURE» ЖШС-ның өңірлік тестілеу орталықтарындағы педагогтердің сынақ тестілері бойынша оңай тексеруге болады.

«Үшіншіден, тест сұрақтары мен тапсырмаларының қауіпсіздігі, яғни құпиялылығы сақталмай отыр. Оған да негіз жоқ емес. Бізге келіп түскен өтініштер мен ақпараттар бойынша, кейбір өңірлерде 3 миллион теңгеге дейін пара алып, серіктестік өкілдері талапкерлерге жоғары балл жинауға көмектеседі дейді. Құрметті Тамара Қасымқызы, осының барлығын көріп біле тұра Сіздер неге нақты әрекет жасамайсыздар?! Белгілі бір топтардың қалтасын халық толтырып, уәкілетті органдар олардың зиянды істеріне жол ашып отырғанын хабардарсыздар ма?», - деді ол.

«ҰБТ» деген – Ұлттық біріңғай тестілеуме, әлде Ұлттың болашағын тоздыру ма?, деген депутат бірқатар бастама ұсынды:

  • Барлық тестілеу жұмыстарын Ұлттық тестілеу орталығына тез арада қайта беруді қарастыруларыңызды;
  • Мемлекеттік мекемелер көрсете алатын қызметтерге көлденең көкаттылардың араласуына тыйым салуды сұраймыз.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

Серіктес жаңалықтары