ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1062 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды

Қазақстанның кей өңірінде зімбір тамыры 20 мың теңгеден сатылып жатыр

Коронавирус инфекциясына байланысты зімбір бағасы күрт өсіп кетті

Соңғы күндері коронавирус инфекциясымен күресте зімбір тамырының, лимон мен сарымсақтың   пайдасы көп деген ақпарат кеңінен тарап кетті. Соған орай елімізде зімбір тамырының бағасы қымбаттап кеткен. Azattyq Ruhy тілшісі Нұр-Сұлтандағы «Артем» және «Шарын» базарларына барып, зімбір тамырының қаншадан сатылып жатқанын біліп қайтты.

«Артем» базарының сатушысы Еркін Үмітбектің айтуынша, зімбірдің бағасы бұған дейін 1200 теңгені құраған. Ал қазір оның келісі «Артем» базарында 5 мың теңгеден сатылып жатыр.

«Соңғы екі-үш күнде адамдар жаппай зімбір тамырын жаппай сатып алып жатыр. Бірақ бағаның қымбаттауы сұраныстың көптігінен емес, Өзбекстан  көтерме бағаны қымбаттатып жіберді. Амал жоқ, бізге орнымызды ақтап, өзімізге пайда табу үшін бағаны өсіруге тура келді. Мысалы, қазір 10 келі зімбір алсаңыз, жанына 100 келі болгар бұрышын және 50 келі сарымсақ қосып алуыңыз керек. Болгар бұрышы көпке шыдамайтындықтан, тез бұзылып кетеді. Бұл саудагерлер үшін тиімсіз. Амал жоқ бағаны өсіруге тура келеді»,- деді Үмітбек.

«Шарын» базарында зімбірдің келісі – 3000-4500 теңге аралығында сатылып жатыр. Ондағы саудагерлердің сөзінше, зімбір Қазақстанға Қытайдан келеді.

«Бүгін келісі 3000-3500 теңгеден сатылып жатыр. Соңғы үш күн адамдар көп алды. Ең қымбат деген баға төрт жарым мың болды.  Біз бұл өнімді Қытайдан алдырамыз. Алдында көп сатқан кезде жәшігін 60-70 мыңға дейін алдық, қазір 35 мың теңгеге түсті. Бір қорапта 15 келі зімбір тамыры болады», - деді сатушы Айнаш Қыдырәлі.

Диетолог Арай Әміренің айтуынша, зімбір тамыры коронавирустан қорғауға қауқарсыз. Тек иммунитет көтеруге көмектеседі.

«Зімбір иммунитетті көтереді, ағзаны тазалайтын қасиеті бар. Бірақ коронавирустан 100% қорғайды деп айта алмаймын, иммунитетті көтеруге 20-30% ғана көмектеседі.  Кептірілген зімбірдің де пайдасы жақсы. Жалпы зімбірдің орнына цинк және С дәруменін де ішуге болады»,-деді ол.

Ал «Елорда Инфо» сайтына сұхбат берген медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, Тағамтану проблемалары институтының директоры Ерболат Дәленовтен бұл өсімдік аталған індеттің емі емес дейді.

«Қазір бәрі зімбір туралы айтып жатыр. Жалпы қасиетінен бастасақ, оның құрамында адам иммунитетін күшейтетін В тобындағы дәрумендер өте көп, С, РР, А, Е, К дәрумендері де бар. Олардың бәрі иммунитетті күшейтіп, адамның күш-қуатын арттырады, қанды сұйылтып, қан айналымын, зат алмасуды жақсартады, лимфоциттердің бөлінуіне жағдай жасап, холестиринді кетіреді», – дейді академик.

Сондай-ақ, ол зімбір коронавирустың емі емес екенін айтады.

«Жұрт «ол – вирустың тура емі» деп айтып жатыр. Бұл ем емес. Өнім иммунитетті күшейту арқылы коронавирус жұққан кезде оның асқынуын азайтуы мүмкін. Бірақ зімбір жеген адамға коронавирус жұқпайды деген бос сөз. Зімбір – коронавирустың емі емес. Бұл вирустың емі, вакцинасы әлі жоқ. Аталған өсімдікті көп жеуге де болмайды. Әсіресе, бауырында өті бар, гепатиті, гастриті, асқазаны мен шегінде жарасы бар адамдарға аздап тұтыну керек. Сондықтан, халыққа айтарым, зімбірді алғыңыз келіп бара жатса, оның ұнтағы да сатылады. Және де, бір ғана тамырын алсаңыздар жеткілікті, оның өзі бір айға жетеді», – деді Ерболат Дәленов.

Медицина ғылымының докторы, профессор Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, ішімдік пен зімбірдің, қара зере майының коронавируспен күресте еш пайдасы жоқ.

«Бұл алып қашпа әңгіме. Қазір көп адам сенгіш, аңқау келеді. Кейбіреу жалған ақпарат таратып, саудасын жүргізуді көздейді. Зімбір бағасының 10 мың теңгеге дейін көтеру ешкімнің ойына келмейтін дүние. Ең дұрысы, адам карантинде болғаны жөн. Өзін оқшаулап отырса, одан артық сақтық жоқ", - дейді Досқалиев. Сондай-ақ, Досқалиев иммунитетті арақпен көтеру деген бос әңгіме екенін атап өтті. Ол халықты мұндай заттарға еліктірмеуге шақырды. "Ешқандай қаражатты керек етпейтін жолы – карантиннің бітуін күту», - дейді дәрігер. Маманның сөзін әріптесі Айтбала Балтабаева да қостап отыр.

«Ішімдіктің инфекциямен күресте еш пайдасы жоқ. Ол керісінше иммунитетті әлсіретеді, шектен тыс ішімдік ішу бауырдың зақымдануына алып келеді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы №8 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Айтбала Балтабаева.

Қостанай облысының бас санитар дәрігері Владимир Нечитайло да зімбірді пайдалану коронавирустың алдын алу шараларына жатпайтынын айтады.

 «Зімбір мен куркума адамның иммунитетін ғана көтереді. Бірақ коронавирустан құтқара алмайды, емдемейді. Ондай өнімдер адамның денсаулығын күшейтеді. Сондықтан оның бәрін қолданған жақсы. Алайда бұл коронавирустың алдын алу шараларына жатпайды», - дейді Нечитайло.

Еске сала кетсек, бұған дейін коронавирусқа қарсы тұрар көкөніске сенген алматылықтар қазір жаппай зімбір, сарымсақ пен лимонды алып жатқаны хабарланған еді. Сұраныстың күрт өсуі саудагерлердің бағаны көтеруіне әкелген.

Тағы бір айтатыны, зімбірдің бағасы Қазақстанда ғана емес, Ресейде де көтеріліп кеткен. Оралда зімбірдің келісі 20 мың теңгеден асып кетсе, Қостанайда -18 300, Атырау қаласында – 11 000 теңгеден сатылып жатыр.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан 

Сұхбат
1 шілдеде Қазақстанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «Жас отбасы» жаңа бағдарламасы іске қосылды
Филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешовпен латын әліпбиіне қатысты сұхбат
Имамның айтуынша, құрбандыққа шалынған мал етін алуға өтініш бергендер саны басымырақ