Депутаттар мен әйелдер әскери жиындардан босатылады
Әскерге жарайтындар келмесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев кеше Президент қол қойған қаулыға сәйкес, төтенше жағдай уақытындағы арнайы жұмыстарға әскери есепте тұрған, денсаулығы жарайтын барлық азаматтар шақырылатынын айтты.
«Заң бойынша бізде 60 жасқа дейінгі офицерлер, 50 жасқа дейінгі сержанттар мен солдаттар әскери міндетті болып саналады. Бірақ бізде тіркелген әскери міндеттілер көп болғандықтан жастау азаматтар шақырылады», - деді Н. Ермекбаев.
Оның сөзінше, бір өңірдің адамдары басқа облысқа бармайды. Тек сол өңірдегі жұмыстарды атқарады. Әскери жиынға күнделікті жұмысқа шыққан секілді таңертең барып, кешке қайтып жүреді. Бірнеше санаттағы азаматтар шақырылудан босатылады.
«Олар – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндер, авиациялық қызметкерлер, ауылда егін шаруашылығымен айналысатындар, мұғалімдер, студенттер, әйелдер, 18-ге толмаған үштен көп баласы бар азаматтар және депутаттар. Үстінен тергеу жүріп жатқан адамдар да шақырылмайды», - деді Ермекбаев.
Министр жасы үлкен және созылмалы аурулары барлар мен отбасылық жағдайы келмей жатқандарды мәжбүрлемейтіндерін де жеткізді.
Әскери комиссариаттар міндетті азаматтарға қоңырау соғып, СМС-хабарлама жазып шақырады. Себепсіз келмей қалғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан