Қашықтан оқыту: елімізде 20 мың баланың интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ

Автор: Azattyq Rýhy

Оларға үй тапсырмасын «Қазпошта» тарататын болды

Фото ашық дереккөзден

Елімізде мектеп оқушылары төртінші тоқсанды қашықтан оқиды. Бұл үшін Білім және ғылым министрлігі оқытудың бірнеше түрін қарастырған. Негізгісі – онлайн-сабақ болса, қосымша ретінде радио мен телесабақтар ұсынылды. Ал, интернеті жоқ немесе интернет жылдамдығы баяу елдімекендерде тұратын балаларға үй тапсырмасын «Қазпошта» қызметкерлері таситын болды деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

Бұл мәселені Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мен «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов талқылап, екіжақты келісімге келді.

Министрліктің мәліметінше, елімізде онлайн-сабақ оқуға 20 мыңнан астам баланың мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, шалғай елдімекендерде тұратын және интернет арқылы оқуға мүмкіндігі жоқ оқушылардың үйлеріне оқу материалдарын жеткізу, сондай-ақ, орындалған тапсырмаларды педагогтарға қайта жіберу қажет. Бұл жұмыспен енді «Қазпошта» қызметкерлері айналысады. Екіжақты келісімге сәйкес, оқушыларға арналған оқу материалдары «Қазпошта» АҚ пошта байланысы бөлімшелері арқылы жеткізілетін болады. Ата-аналарға пошта байланысы қызметі үшін төлем жасаудың қажеті жоқ.

«Қашықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы оқуға мүмкіндігі жоқ оқушылар туралы деректерді облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары өкілдері ұсынады. Оқушыларға арналған оқу материалдары санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормаларын сақтай отырып жеткізілетін болады. Осылайша, пошта байланысы мұғалімнен оқушыға және оқушыдан мұғалімге жіберілетін оқу материалдарын уақытылы жеткізуді қамтамасыз етеді», - делінген министрлік таратқан хабарламада.