Кенжеғұл Сейітжан параспортқа бөлінетін қаражат жалпы спорттан әлдеқайда аз екенін жеткізді
Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында параспортқа бөлінетін қаражаттың аздығына шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ақша айырмашылығын қарайтын болсақ, параспортқа соңғы жылда 4,2 млрд теңге бөлінсе, жалпы спортқа 16 млрд теңге бөлінген. Біз параспортшылар 41 медаль әкелдік, ал жалпы спорт 80 медаль ғана әкелді. Біз 13 орыннан 11 орынға көтерілдік. Ал жалпы спорт 7 орыннан 11 орынға түсіп кетті. Ренішіміз қара қазандай, бізге кішкене көңіл бөлген дұрыс шығар деп ойлаймыз», - деді депутат.
Кенжеғұл Сейітжан пара спортшыларға Үкімет тарапынан назардың өте аз екендігін айтты.
«Біз Азия пара ойындарынан келгенде Алматы әкімдігі жақсы қарсы алды. Бірақ шығарып салған кезге қатысты ойым бар. Параспортшыларға Үкімет тарапынан назар өте аз. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі спортшылар жоқ жарыстарға министр өзі барады. Ал бізге жай ғана комитет басқармасының басшысы барды. Олардың орынбасары болды. Комитет басшылары болған жоқ. Осындай көңіл бөлмеудің нәтижесінде параспорт пен сурдоспорт қатты дамып жатқан жоқ. Бізге көп көңіл бөлінсе, параспортшылар көресіні көрсетеді, медальдің көкесін көрсетер еді», - деді ол.
Кенжеғұл Сейітжан жақында Азия Пара ойындарына қатысып, велоспорттан команда құрамында қола медаль ұтып келген еді.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ