Екі отандасымыз ел аумағынан шыға алмай отыр – АМАNАТ

Автор: Аманалина Тоғжан

Партия хатшысы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады

Фото «AMANAT» партиясының баспасөз қызметінен

«АМАNАТ» Хатшысы Ержан Жылқыбаев партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Елорданың және өзге де өңірлердің тұрғындары инфрақұрылымды дамыту, экологияны жақсарту, жұмыспен қамту, тұрғын-үй қатынастары және басқа да мәселелер бойынша «AMANAT» партиясына жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәселен, Астана қаласының тұрғыны Баян Алшынбаева баспана кезегінде тұрған азаматтар мәселесін көтерді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Жолдауында Үкіметке кезекте тұрған аз қамтылған көпбалалы отбасыларға баспана беру мәселесін үш жыл ішінде шешуді тапсырған болатын. Сондай-ақ, баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға әлеуметтік жалға алу тәртібімен қоныстану үшін мүмкіндік беру қажет екенін айтқан еді. Тіпті, осы мақсатта 240 миллиард теңгеден астам қаражат бөлу көзделді. Үкімет аталған қаражатты игерді ме, жоқ па онды ашып айтпайды. Ал адамдар баяғыдай әлі де кезекте тұр. Өзім де кезекте тұрған жанның бірімін. Көпбалалы отбасы мәртебеміз бар. Президент уәде еткен баспананы алғым келеді. Баспананы тегін бер деп тұрған жоқпыз. Қолжетімді бағада берілгенін қалаймыз», – деді ол.

Қоғамдық қабылдауға келген елордалық Ботагөз Шынықұлова мен Баян Мирас Астана қаласы мәслихатының депутаты Нұрлан Мүслімнің әрекетіне наразылық білдірді.

«Былтыр қалалық әкімдікте бір оқиғаға тап болдық. Яғни, қазіргі депутат әкімдікке кіре берістегі турникетте Асыл Ошақбаева есімді құрбымыздың қолын бұрап, қоқан-лоқы көрсетті. Телефонымның камерасын оқиға орнына бұра бергенім сол еді, құрбымыздың қолын бұрап жатқан адам төбемнен ұрып қалды. Қарап қалмай, мен де қарсылық көрсете бастадым. Кейін, болған оқиғаны баяндап, арыз түсіріп едім, оны елеп-ескерген ешкім болған жоқ. Керісінше, ақыр-соңында біз кінәлі болып шыға келдік. Әкімшілік жаза тағайындаудың орнына, қылмыстық жауапкершілік арқалап, 2 жыл 6 айға шартты түрде сотталдық. Соның кесірінен ел аумағынан ешқайда шыға алмай отырмыз. Баян Мирас АҚШ-қа «Грин-Кард» ұтып алды. Балаларымен бірге сол мемлекетке кеткісі келеді. Ал мен баламды Өзбекстанға емдетуге апара алмай отырмын. Нұрлан Мүслімнің адвокаты жаза мерзімін қысқартуға қарсы болып отыр», – деп Ботагөз Шынықұлова партиядан көмек сұрады.

Бұл ретте, Ержан Жылқыбаев аталған мәселе «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қаралатынын айтты.

Қабылдауға елордадағы 100 мыңға жуық тұрғыны бар «​Үркер» тұрғын-үй алабының азаматтары да келді. Тұрғындарды кәріз-тазарту құрылысынан бөлінетін жағымсыз иіс алаңдатып отыр.

«Қорғалжын тас жолының бойында – «​Үркерге» кіре берісте №1 кәріз-тазарту құрылысы бар. Одан күкіртті сутегі газы бөлініп, ауаға тарайды. Жағымсыз иіс тұрғындардың қолқасын қауып қана қоймай, денсаулығына зиян келтіріп жатыр. Біз бұл мәселені бір емес, бірнеше рет көтердік. Әкімдік аталған кәріз-тазарту құрылысын елорда аумағынан тыс жерге көшіреміз деп бірнеше жыл уәде беріп келеді. Алайда тиісті жұмыс әлі қолға алынған жоқ. Ол аздай, биыл жазда «Жасыл белдеудің» қақ ортасында тағы екі кәріз-тазарту құрылысын салу жұмысы басталды. Біз – үйді көпбалалы әскери отбасы ретінде мемлекеттік бағдарлама арқылы алған адамдармыз. Санитарлық дәрігерлердің, экологтардың қорытындысы жаға ұстатады. Ауаға бөлінетін газдың салдарынан тұрғындар онкологиялық ауруларға шалдығу мүмкін. Ал біз сенген қалалық мәслихат депутаты Бахаргүл Төлеген болса, мәселемізге мән бермек түгілі тұрғындармен кездесуге де келмейді», – деп күйінді үркерлік Алла Кужатаева.

Партия Хатшысы бұл мәселеге қатысты тұрғындарды халық қалаулыларымен, салалық министрлік және қалалық әкімдік өкілдерімен жүздестіруге, көшпелі комиссия құруға күш салатынын атап өтті.

Сондай-ақ, жедел жәрдем стансасының қызметкерлері жұмыстан жазықсыз босатылғандарын айтып, көмек сұрай келді.

Бұдан бөлек, екі отандасымыз бейнеконференция байланысы арқылы қосылып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Оның бірі – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғыны Құралай Садықова. Ол қалалық мәслихат төрағасы Евгения Нужныхтың орынсыз әрекетін айыптап, шара қабылдауды сұрады. Ал атыраулық Сейтқали Тойлыбай көшені жарықтандыру, жаяу жүргіншілер белгісін орнату және жолға асфальт төсеу мәселелерін көтерді.

«Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселе партия бақылауында болады. Қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы билік өкілдеріне немесе құзырлы органдарға жүгінеміз. Ал сайлаушылардың наразылығын тудырған халық қалаулыларының әрекетін Партиялық бақылау комиссиясының қарауына ұсынамыз. «Құқықтық көмек», «Қарызсыз қоғам» сынды партиялық жобалар аясында да көмек көрсетуге дайынбыз. Жалпы, қоғамдық қабылдауға келген кез келген азаматтың мәселесіне баса мән беріледі. Партия халықтың ұсыныс-пікіріне, мұң-мұқтажына әрдайым құлақ асады», – деді партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT»-тың кезектен тыс ХХІІ Съезінде партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы керек екенін айтқан болатын.

Еске сала кетейік, отандастарымыз өздерін толғандырған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады:

1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);

2. WhatsАpp: 8 700 800 4441;

3. Е-mail: komek@amanatpartiasy.kz.

Қабылдауға жазылу қабылдау өткізілетін күнге дейінгі кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады.