«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» БАҚ өкілдеріне жеңілдікпен баспана алу квоталарын ұсынды
Ол «Алматы жастары» бағдарламасы аясында мүмкін болмақ
Енді журналистер, телеоператорлар, ақпарат агенттік қызметкерлері мен онлайн-БАҚ өкілдері үшін баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Алматы жастары» бағдарламасы 2020 жылдың 2 наурызында басталған болатын. Тұрғын үй бағдарламасына қатысушылар өтінімдерін биылғы жылдың 30 наурызына дейінгі аралықта www.almaty-zhastary.kz сайтында онлайн режимде берді. Алматы қаласы әкімдігі мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бірлескен жобасына 35 жасқа дейінгі алматылықтар қатыса алады. Оған дәрігерлер мен медбикелер; педагогтар мен тәрбиешілер; әртістер, жазушылар, мәдениет саласының қызметкерлері; бапкерлер мен спортшылар; ЖОО мен ғылыми институттардың оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері; әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында бұқаралық ақпарат қызметкерлері де жоғарыдағы тізімге арнайы енгізілгенін мәлімдеді. Журналистер қауымынан қосымша өтініштер қабылдау үшін бағдарлама уақытын тағы да жарты айға созған.
«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» клиенттерге арналған 7 қадамын жария еткенбіз. БАҚ өкілдері мұны насихаттауға көп үлес қосты. Жас журналистер, ақпараттық агенттік қызметкерлері, телерадиокомпания операторлары, онлайн-БАҚ тілшілері, сіздерге келесідей мүмкіндік бар. Алматыда үйіңіз жоқ болса, бірақ осы қалада жұмыс істеп жүрсеңіз, жаңа салынған немесе қолданыста болған үйлер нарығынан кез келген пәтерді сатып ала аласыз. Ол үшін www.almaty-zhastary.kz сайтына тіркеліп, онлайн түрде өтініш беру қажет. Өтініш қабылдау мерзімі ұзартылды. Әлі екі аптаға жуық уақыт бар, 15 сәуірге дейін тапсыруға болады.
БАҚ өкілдері үшін жеке квота ретінде тұңғыш рет ұсыныс жасап отырмыз. Дәрігерлер, оқытушылар мен мұғалімдерден келіп түскен өтініштер көп. Бірақ БАҚ қызметкерінің елдің мұңын жеткізіп, жоғын жоқтап, аянбай жұмыс істейтініне қарамастан, әлі күнге баспанасыз жүргенін білемін. Сондықтан бас редакторлар мен танымал журналистерді белгілеп отырмын, олар өз кезегінде пікір түрінде таныстарын белгілеп, ақпаратты жеткізер. Жазбаның астында 35 жасқа толмаған алматылық журналистерді, операторларды, редакторларды белгілей кетіңіздер»,- деп жазды банк басшысы.
«Алматы жастары» бағдарламасы 2017 жылы басталған. Екі жыл ішінде осы жоба аясында 1 383 өтінім қабылданып, 2,2 млрд теңге сомасына қаланың 240 жас тұрғыны баспаналы болды. Биыл бұл бағдарлама жалғасын тапты. Оған қала бюджетінен 10 млрд теңге және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» бюджетінен 3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 1 000 алматылық тұрғынның баспаналы болуына жол ашады.
Негізгі шарттары:
- үй бағасы 13 млн теңгеге дейін
- жылдық үстемақы мөлшерлемесі – 5%
- бастапқы жарна пәтер бағасының 10%-на тең, яғни 1 млн 300 мың теңге жеткілікті.
Мәселен, құны 13 млн теңгелік пәтерді сатып алар кезде займ бойынша төлем алғашқы 8 жылда 101 967 теңгеге, ал қалған 11 жыл ішінде азайып, 54 100 теңгеге тең болады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы