Тірі туған нәрестені өлі деп көрсеткен атыраулық дәрігер айыппұл төлейді

Автор: Azattyq Rýhy

Сот шешімімен оған қызметін асыра пайдаланғаны үшін 1,3 млн теңге айыппұл салынды

Фото: ашық дереккөзден

Атырау облыстық патологоанатомиялық бюросының бұрынғы директоры И.Молдағалиев тірі нәрестені өлі туған деп көрсетіп, хаттама толтырған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров хабарлады.

Дәрігер жалған ақпарат енгізіп, өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін енді 1 325 500 теңге айыппұл төлеп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айрылады.

«Атырау облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осыған дейін «Атырау облыстық патологоанатомиялық бюросы» ШЖҚ ҚМК директорының міндетін атқарушы И. Молдағалиевқа қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтар жасау бойынша сотқа дейінгі тергеуді өндіріспен аяқтады. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, ол тірі туған нәрестені өлі туған ретінде көрсетіп, патологоанатомиялық зерттеудің хаттамасына көрінеу жалған ақпарат енгізіп, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген», - деді Данияр Бигайдаров.

Еске салайық, 2019 жылдың қазанында Атырау облыстық перинаталдық орталықтың басшысы сәби өліміне қатысы бар және пара алды деген күдікпен ұсталды. Ол құжаттарды қайта түземес үшін шалажансар баланы мұздатқышқа салып өлтіруге тапсырма берген деп айыпталды. Осы оқиғаға байланысты Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиева қызметінен босатылып, сот шешімімен экс-шенеуніке 5,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, алдағы 3 жылда медицина саласында жетекшілік қызметке орналасу құқығынан айырды. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан