Соғыс пен зорлық-зомбылық: әлемде 114 млн адам үйін тастап қашуға мәжбүр болған

Автор: Мира Байбек

Бұл бір жыл бұрынғыдан бірнеше есеге көп көрсеткіш

2023 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша әлем бойынша әскери қақтығыстардар, қудалау мен адам құқықтарының бұзылуы салдарынан үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдардың саны 114 миллионнан асқан. Бұл туралы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қақтығыстар мен соғыстар

Украинадағы соғыс және Судандағы, Конго Демократиялық Республикасы мен Мьянмадағы қарулы қақтығыстар, Сомалидегі құрғақшылық, су тасқыны мен қауіпсіздіктің болмауы, Ауғанстандағы ұзаққа созылған гуманитарлық дағдарыс мәжбүрлі қоныс аударудың өте жоғары көрсеткіштеріне әкеп соққан негізгі факторлар болды.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди жаңа деректерге түсініктеме бере отырып, бүгінгі ахуалға айрықша алаңдаушылық танытты. Оның айтуынша, әлемде қақтығыстар тым көбейіп кетті, ал олардан үйлерін тастап кетуге мәжбүр болып жатқан бейбіт тұрғындар зардап шегіп жатыр.

Халықаралық аренадағы консенсустың жоқтығы

«Халықаралық қоғамдастықтың қақтығыстарды шешудегі және жаңа жанжалдың алдын алудағы қауқарсыздығы тұрғындардың жаппай қоныс аударуы мен кедейліктің артуына әкеледі. Біз қақтығыстарды тоқтатып, босқындар мен басқа да қоныс аударған адамдарға үйлеріне қайтуға немесе жаңа өмір бастауға мүмкіндік беру үшін күш біріктіруіміз қажет», - деді Гранди.

Маусым айындағы мәлімет бойынша, дүниежүзінде мәжбүрлі қоныс аударғандар саны 110 миллионды құрайды, бұл 2022 жылдың соңындағы көрсеткіштен 1,6 миллионға көп.

Бұған қоса, маусым мен қыркүйектің соңына дейін тағы 4 миллионға жуық адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, осылайша жалпы көрсеткіш 114 миллионға жетті.

Есепте 7 қазанда басталған Израиль-Палестина қақтығыстарының салдары қамтылмаған, БҰҰ БЖКБ сарапшылары оған қосымша деректерді енгізіп үлгермеген.

Зерттеу авторлары қоныс аударушылардың төрттен үш бөлігін табысы төмен және орташа елдер қабылдағанын атап өтті.

Қол қусырып қарап отыруға болмайды

Қазіргі қиындықтарға қарамастан БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди халықаралық қауымдастықты қол қусырып қарап отырмауға шақырды.

«Газадағы, Судандағы және басқа да аймақтарда болып жатқан оқиғалар барысын бақылап отырып, бейбітшілік пен босқындар мәселесін шешу мүмкін еместей көрінуі мүмкін. Бірақ біз берілмеуіміз керек. Әріптестерімізбен бірге босқындар тап болатын қиындықтарды шешу жолдарын іздестіруді жалғастырамыз», - деді ол.

Айта кетсек, 13-15 желтоқсан аралығында Женевада босқындар жөніндегі екінші жаһандық форум өтеді. Босқындар мен мәжбүрлі қоныс аударушыларға қатысты мәселелерге арналған ауқымды форумда әлемнің көптеген елінің, халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғам мен жеке сектордың өкілдері бас қосады.