Банктер мен микрокредит ұйымдарының бей-берекет несие бермеуін қадағалау керек – Сүлейменов
Ұлттық банк басшысы халықтың қаржылық сауатын арттыру туралы айтты
Ұлттық банк басшысы Тимур азаматтардың қаржылық тұрғыдан сауатты болуына ықпал етіп қана қоймай, алдымен ойын өзгертіп, қаржылық және тұтыну әдетіне оң ықпал ету үшін не істеуге болатыны туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Біздің қоғамда бәрінің қаржылық сауаты бар деуге келмейді. Жеткілікті деңгейде емес және менің ойымша, қаржы ұйымдарының жарнамасы басым түсіп тұр. Банктерді алсақ та, микрокредит ұйымдары, онлайн несиелерді айтсақ та. Қарапайым азамат, әрине, олардың айла-амалдарының алдында қауқарсыз. Сондықтан өнімді алудың тым оңайлығы мен оның салдарының тым қиындығы арасында теңгерімсіздік бар», - деді ол.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қарапайым азаматтардың сол салдардың барлығын есептей алмауы мәселенің түп-тамыры болуы мүмкін.
«Банктер мен микрокредит ұйымдары да жұмыс істеуге тиіс, әсіресе онлайн. Олардың бей-берекет несие бермеуін қадағалау керек. Қарапайым, түсінікті тілде «қарызыңызды мерзімінен кеш төлесеңіз, үстінен тағы 15% төлейсіз, артық төлеген ақшаңыздың жалпы сомасы нөл болмайды» деп жазып қоюы керек. Сізге бөліп төлеудің құны 0 деді, бірақ ол бір жерде жасырын тұр, шындығында артық төлемнің жалпы сомасы 50% болады. Егер адамдар осылай ойлайтын болса, онда келесіде маған жаңа телефон керек пе, әлде ескісімен жүре тұрғаным жөн бе деп ойланатын болады.
Сондықтан ең алдымен, қаржы ұйымдары жарнамалап жатқан өнімдердің барлық оң және теріс тұсын дұрыс түсіндіріп жатыр ма, жоқ па – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылап отыруы керек сияқты», - деді Ұлттық банк басшысы.