«Анасы жоққа шығарды»: Алматы облысының әкімдігі 5 жасар қыздың зорланғаны туралы ақпаратқа түсінік берді
Медициналық тексеру нәтижесінде жыныстық сипаттағы әрекеттерге тән жарақаттардың жоқтығы анықталды

Алматы облысының балалар клиникалық ауруханасына жол апатынан зардап шеккен бес жастағы қыз жеткізілген. Дәрігерлер тексеру кезінде жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық белгілерін анықтаған. Бұл туралы «Не молчи» қорының негізін қалаушы Дина Таңсәрі өз парақшасында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталған дерекке байланысты Алматы облысының әкімдігі түсінік берді.
«Полиция қызметкерлері аталған ақпаратты дереу тексеріп, медициналық мекемеге жедел-тергеу тобын жіберді. Анықталғандай, 28 қазан күні жол апатына түскен 5 және 7 жастағы екі бала жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді. Қазір олар травматология бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Жандарында анасы бар. Анасы балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері фактісін жоққа шығарды»,- делінген әкімдік хабарламасында.
Сондай-ақ, облыс әкімдігінің баспасөз қызметі дәрігерлер медициналық тексеру жүргізгенін атап өтті. Нәтижесінде жыныстық сипаттағы әрекеттерге тән жарақаттардың жоқтығы белгілі болды.
«Сонымен бірге, Алматы облыстық Полиция департаментінің аумақтық бөлімшелеріне жарияланымда көрсетілген фактіге қатысты арыз түскен жоқ»,- деп хабарлады әкімдіктен.