Павлодар облысында жыл басынан бері отбасылық жанжал салдарынан 8 адам көз жұмған
Әкімшілік кодекске сәйкес ер адамды уақытша ұстау камерасына орналастыру қарастырылған
Павлодар облысында жыл басынан бері отбасы жанжалынан сегіз адам көз жұмған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Әйел адамдар – өте нәзік қауым. Қандай жағдай болғанда да ер адамдар өздерін ұстай білуі керек. Күн сайын қала бойынша отбасылық-тұрмыстық жанжалға қатысты 15-20 шақырту түседі. Әкімшілік кодекске сәйкес ер адамды уақытша ұстау камерасына орналастыру қарастырылған. Егер де мас болса, медициналық айықтырғышқа орналастырылады. Дегенмен әйелдерге айтарым: сотқа келуден, шағым жазуан бас тартпаңыздар», – деді Жасқайрат Қайыров.
Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап 102 пультіне тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 1077 хабарлама түскен. Аталған фактілер бойынша полиция әкімшілік іс жүргізуді бастады. 200-ге жуық жағдайда жәбірленушілер мәлімдемеден бас тартқан.
«Талдау нәтижелері жанжалдар көбінесе отбасылық жатақханаларда болатынын көрсетуде. Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан сегіз адам қайтыс болды. Бұрынғы ерлі-зайыптылар мүлікті бөліспеген, әйелі күйеуіне балаларын көрсетуден бас тарту сияқты түрлі себептер болуы мүмкін. Кейде бұрынғы күйеуі ішіп, ескі реніштерін есіне алады, көбінесе отбасындағы қаржы мәселесіне байланысты жанжал туындайды», – деді Жасқайрат Қайыров.
Еске сала кетейік, 2023 жылдың 1 шілдесінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату мақсатында Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне өзгертулер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң зорлық-зомбылық дерегі бойынша зардап шегушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқықбұзушылық істерін қозғауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда бейнекамера жазбалары мен куәгерлердің жауаптары негізге алынады. Сонымен қатар, қос тараптың бірнеше рет татуласуына мүмкіндік берілмейді. Өзгертулерге байланысты сот арқылы бір рет татуласуға болады.
Әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Бұрын соттар бір тәуліктен бес тәулікке дейін қамауға алумен шектелсе, енді аргессор әрекетін қайталаса, 10 күнге қамауға алынады (ҚР ӘҚБтК 73-б). Соққы үшін (ҚР ӘҚБтК 73-2б) 10 тәулікке (бұрын 10 тәулікке дейін), қайта ұрып-соғу үшін 15 тәуліктен 20 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін (ҚР ӘҚБтК 73-1б) 15 тәулікке, қылмыс қайталанған жағдайда бұрынғыдай 20 тәулік емес, 25 тәулікке қамауға алынады. Сонымен қатар, қорғау нұсқамасы үшін ескерту алынып тасталды. Ескертудің орнына бірден 10 тәулікке қамауға алу қарастырылған.