$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.10.2023, 20:21
Қоғам

Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы туристік нысандарға тиісті деңгейде мән беру керегін айтты

Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің айтуынша, туризм саласының дамуына қатысты негізгі көрсеткіштерде өсім байқалады

Мемлекет басшысы Жетісу облысындағы туристік нысандарға тиісті деңгейде мән беру керегін айтты
Фото: Акорда

Мемлекет басшысына Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейінде Жетісу облысының туризм саласын дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде қысқаша мәлімет берілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің айтуынша, туризм саласының дамуына қатысты негізгі көрсеткіштерде өсім байқалады. Кейінгі үш жылда өңірге келген туристер саны екі есе артқан. Ал осы саладағы көрсетілетін қызметтер көлемі 16 миллиард теңгеге дейін өсті.

Аталған бағыттың дамуына тың серпін беру үшін бірқатар инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Атап айтқанда, қазір Алакөлге көліктің бірнеше түрімен жетуге болады. Былтыр Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағына реконструкция жасалып, тұрақты әуе қатынасы жолға қойылды. Биыл «Астана – Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы іске қосылды және «Үшарал – Достық» автожолының реконструкциясы аяқталды. Қазіргі кезде «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автожолын қайта жөндеу, Алакөл курорттық аймағында жоғары вольтты электр желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұған қоса, «Балқаш» туристік-рекреациялық аймағының бас жоспары» әзірленді. Оның аясында ұзындығы 16 шақырым болатын жағалауға бюджет есебінен инженерлік-коммуникациялық желі тартылып, жалпы аумағы 860 гектар жерге 7 бағыттағы демалыс аймақтары орналастырылады. Жоспар шеңберінде 30 миллиард теңгеге дейін жеке инвестиция тарту көзделген. Сонымен қатар келесі жылы көлге апаратын «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» жолының реконструкциясын аяқтау жоспарланып отыр.

«Алтын-Емел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи парктерінде экологиялық туризмге басымдық беріледі. Биыл Altynemel визит-орталығы ашылды. Ал «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің аумағында жалпы құны 1,7 миллиард теңге болатын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

Сонымен қатар Текелі маңайында шаңғы-биатлон кешенін салу және Бұрқанбұлақ сарқырамасына дейінгі жолды жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Мемлекет басшысы туристік-демалыс аймақтарына инженерлік-коммуникациялық желі жүргізумен және абаттандырумен белсенді түрде айналысып, облыстың туристік әлеуетін арттыру қажет екенін айтты.

«Жалпы, облыста туристік нысандар жеткілікті. Сондықтан оның бәріне тиісті деңгейде мән беріп, дамыту керек. Туризм Жетісу облысы экономикасының басым бағыты болуға тиіс. Туристер неғұрлым көбірек келсе, облысқа да оң септігін тигізеді. Облыстың туризм саласындағы әлеуеті өте зор», - деді Президент.

Серіктес жаңалықтары