«Ішкі еңбек нарығының сапасын арттыруға бағытталған»: депутат шетелдік жұмыс күшіне арналған квотаны азайту жайлы
Квотаны 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен азайту көзделген
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасындағы шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты квотаны азайту бастамасы қалай жүзеге асырылып жатқаны жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасындағы шетелдік жұмыс күшіне арналған квотаны қысқарту бағытындағы жұмыстардың орындалуын депутат Еркін Әбіл қадағалайды. Ол осы бағытта атқарылған жұмыс жайлы айтып берді.
«Қазіргі экономикалық жағдайда елдегі ішкі еңбек нарығын күшейту керек деп есептеймін. Себебі қазірдің өзінде квотадан тыс шетелдік жұмыс күші үшін 30-ға жақын категория бар. Оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ азаматтары квотадан тыс бізге жұмысқа келеді. Оған қоса басқа категориялар да бар. Кейбірулерімен келісуге болады. Мысалы, ЖОО-ға оқуға, ғылыми жұмыспен айналысуға келгендер, қандастар бар. Бірақ кейбір категориялар бойынша сұрақ туындайды», - деді Еркін Әбіл.
Депутат атағандай, ішкі еңбек нарығын қорғау үшін квотаны қысқарту керек.
«Сырттан жұмысшыларды әкелмей, ішкі еңбек нарығының сапасын арттыру керек. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының сыртқы еңбек күшінің квотасын азайтуға қатысты осы ұстанымы ішкі еңбек нарығының сапасын арттыру үшін бағытталған. Әрине, осы квотаны бір күнде азайтуға болмайды. Біздің елде қазірдің өзінде жұмыс істеп жатқан мамандар бар. Кәсіпорындарда жұмыс істеу үшін қазақстандықтардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін де уақыт керек. Елде ЖОО-да білім алу үшін 4 жыл уақыт кетеді. Басқа жерде 1-2 жылдық уақытты қажет етеді. Сондықтан 1 жылда емес, 2027 жылға дейін квотаны азайту мақсаты қойылып отыр», - деді ол.
Депутаттың айтуынша, осы мақсат жоспар бойынша кезеңдеп орындалып жатыр.
«Оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «AMANAT» партиясы бақылауда ұстап отыр», - деді депутат.
Еске салсақ, 2023 жылға арналған шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 22,2 мың бірлік деңгейінде белгіленген. 2022 жылмен салыстырғанда квота 6,1 мың бірлікке немесе 21,5% - ға қысқарды.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ