Шұғыл«Тауық пен сиырдың айырмашылығын білмейді» – Нұрлан Нығматулин Экология министріне ауылға баруға кеңес берді

Алматыда онлайн білім алу үшін 3 мыңнан астам оқушыға компьютер жетіспейді

Қала мектептеріндегі 10 мыңнан астам компьютер мұғалімдер мен оқушыларға уақытша таратылған

Фото: ашық дереккөзден

Қашықтан және онлайн білім алуға мүмкіндігі жоқ оқушыларды қажетті құралдармен жергілікті әкімдік қамтамасыз етуі тиіс, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі.

Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның сөзінше, қала мектептеріндегі 10 мыңнан астам компьютер мұғалімдер мен оқушыларға уақытша таратылған. Қосымша үш мың ноутбукты сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Бір үйде төрт және одан да көп оқушысы бар отбасылар қосымша техникамен қамтамасыз етіледі. 

«Түрлі байланыс операторларымен келіссөз жүріп жатыр. Осы арқылы 4 мың оқушы мен 714 мұғалім ғаламтор желісіне тегін қосылмақ. Бейсенбі күні, яғни, 2 сәуір республика бойынша ата-аналар жиналысы өтеді. Біздің міндетіміз - ата-аналарға қашықтан оқытудың қалай ұйымдастырылатынын, ата-аналардан қандай көмек қажет екенін және жалпы елімізде оқу үдерісінің қалай жүретінін түсіндіру. 3 сәуірде сынып сағаты өтеді. Ата-аналардың балаларға қолдау көрсетіп, мұғалімдердің онлайн сабағын өткізуіне көмектесуін сұраймын. Үйде отырсақ та балалардың  жан-жақты дамуына көмек көрсетуіміз керек», - деді басқарма басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Айта кету керек, 19 наурыздан бастап мектепке дейінгі білім беру мекемелері, 16 наурыздан бастап қосымша білім беру ұйымдары жабылды. 16 наурыздан бастап колледж бен ЖОО студенттері қашықтан білім беру технологиясы негізінде оқып жатыр. Ал 6 сәуірден бастап Алматы қаласының барлық мектептері оқушыларды қашықтан оқытуға көшеді. Басқарма басшысының сөзінше  қашықтан оқыту кезінде мұғалімдердің жалақысы өзгеріссіз қалып, студенттерге де шәкіртақы тұрақты төленеді.  

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы