Батысқазақстандықтар Республика күнін жоғары деңгейде атап өтті
«Атамекен» өнер ордасында «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным» атты мерекелік концерт өтті

Салтанатты шарада облыс әкімі Нариман Төреғалиев Республика күні – елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке екенін атап өтіп, ел дамуына елеулі үлес қосқан 35 азаматты түрлі дәрежедегі мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Біз бүгін жалпыұлттық мемлекеттік деңгейде Республика күнін атап өтудеміз. Республика күніне орай өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы «Бұл – қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн. Көк түріктер дәуірінен, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тапқан күн. Бұл – Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн» деп мерекемізге ерекше баға берді. Өткен жылы Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынып, «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек», – деген болатын.
Бұл жай ғана мереке емес, бұл біздің халқымыздың мемлекеттілігімізді сақтауға және нығайтуға, Әділетті Қазақстан құруға деген ұмтылысы. Барша қазақстандықтар белсене атсалысқанда ғана осы игі мақсатқа қол жеткізе аламыз. Себебі мемлекеттің тірегі де, басты байлығы да – ел азаматтары! Мерекенің аясында Қазақстанның Тәуелсіз жолында жеткен жетістігі, ұлттық мүддесі, елдігі, халықтың бірлігі, Қазақстан халқының патриоттығы кеңінен насихатталып, еңбек адамдары марапатталуда.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында мереке кеңінен аталып өтілуде. Облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, 500-ден астам іс-шаралар оздырылды. Біз бәріміз еліміздің қалыптасу тарихымен және оның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерімен мақтанамыз. Бүгінде шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналуымыздың аясында батысқазақстандықтардың да тұрмыс сапасы жақсарып, өңіріміздің әлеуеті арта түсті.
Биылғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Облыстағы мұнай-газ және машина жасау өнеркәсібімен танысып, әлеуметтік-мәдени нысандарды аралаған Мемлекет басшысы облыстың әлеуеті зор екенін атап өтті. Президентіміз өңірге жұмыс сапары барысында Жайық өзені арқылы өтетін жаңа автомобиль көпірін, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компания қаражаты есебінен Орал қаласында көп функционалды спорт кешенін және қуаты 4 млрд. текше метр болатын Газ дайындау кешенін салу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Тәуелсіз Қазақстанның, қасиетті Ақжайық өнірінің дамуына белсенді қатысқан және бүгінгі таңда белсенді өмірлік ұстанымын жалғастырып келе жатқан барлық азаматтарға, жерлестерімізге шын жүректен алғыс білдіремін! – деген облыс басшысы Нариман Төреғалиұлы өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы атынан мемлекеттік наградалар табыстады.
Еңбек ардагері Жайсаң Ақбай «Парасат» орденімен, БҚО Теректі ауданы «Мәдиев» ШҚ басшысы Сәлімбай Мәдиев, Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясы директоры Светлана Оразова, еңбек ардагері Құжырғали Төлеуішов, Жәнібек аудандық «Ардагер ұйымы» РҚБ төрағасы Амангелді Уәлиев «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар азаматтар ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдерін кеудесіне тағып, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарын иеленді.
Кеудесінде «Парасат» ордені жарқыраған еңбек ардагері Жайсаң Ақбай жерлестерін айшықты мерекемен құттықтап, кемел шағында жоғары мемлекеттік марапатты ұсынған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына шексіз алғысын жеткізді.
Бүгін Елордада Мемлекет басшысының қатысуымен дәстүрлі түрде Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Ақжайық өнірінде де, баршамыз куә болғандай – Тұңғыш Президент алаңында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Мемлекеттік Гимн орындалды. Ол – егемендігіміздің негізі болған Мемлекеттік Туға деген құрмет, жастарға – өнеге! Кеше ғана Республика күніне арналған салтанатты концертте Мемлекет басшысы «Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін» деген болатын. Рухы биік, жауапкершілік ала білетін жастарды көріп болашаққа деген сенім артты деуге болады. «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ұл қайда» - дейді дана халқымыз. Сондықтан егеменді еліміздің тірегі - жастарға ризашылығымды білдіремін!
«...Тәуелсiздiк жолында қан да төгiлген, жас та төгiлген, тер де төгiлген. Бiрақ, ар төгiлмеуi керек. Ар-намыс қана тәуелсiздiкке тiрек бола алады. Ол бiздiң тiлегiмiздi емес, бiз оның тiлегiн тiлеуiмiз қажет» деп Әбіш Кекілбаев қалай тамаша айтып кеткен. Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Бағдарымыз – айқын, мақсатымыз – ортақ. Біз тәуелсіздік тұғырын биік ұстап, мемлекеттігімізді нығайта береміз. Өйткені Отанымыз – бір, мемлекетіміз – бір, халқымыз – бір. Бүгінгі мерекеде біз барлық жетістіктеріміз бен еңбегімізге мақтанышпен қарай аламыз, – деді салтанатты жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Н.Төреғалиев.
Салтанатты шара жергілікті өнерпаздардардың қатысуымен «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным» атты концерттік бағдарламаға жалғасты.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА, Батыс Қазақстан облысы