Ұлттық жоба аясында ауылдардағы 4 млн азаматқа сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі

Azattyq Rýhy

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталды

Ұлттық жоба аясында ауылдардағы 4 млн азаматқа сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі
Фото: rail-news.kz

Мемлекет басшысы Қазақстан әлеуметтік салада айтарлықтай табысқа қол жеткізгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Халықтың денсаулығын жақсарту үшін қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде азаматтардың орташа жасы 74,4 жасқа жетті. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Қиындығы көп болған тоқсаныншы жылдарда халық саны күрт азайды. Біз қазіргі таңда осы демографиялық құлдырауды еңсердік. Көп ұзамай халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды. «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру үшін тиісті заң қабылданды. Небәрі екі айдан кейін балаларымыздың есеп-шотына қаржы түсе бастайды», - деді Президент мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсім кезінде сөйлеген сөзінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі аймақтарды жан-жақты дамыту екеніне тоқталды.

«Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» дегеніміз – жалаң ұран емес. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға қажетті ең басты қағидат. Біз былтыр еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына бірқатар өзгеріс енгіздік. Сол арқылы кейбір облыстың дамуына тың серпін бердік. Менің тапсырмаммен ауыл-аймақты дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжаттың мән-маңызы зор», - деді ол.

Оның айтуынша, аймақтарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет.

 «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталды. Осы жобаның аясында 655 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік нысан салынады, құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, 20 ауданаралық көпбейінді емхана ашылады, ал 12 емхана заман талабына сай жаңарады. Яғни, төрт миллионнан астам ауыл азаматына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі. Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. 2026 жылға дейін барлық аймақта жүздеген жаңа мектеп бой көтереді. Ауылдарда 100 спорт орталығы ашылады. Сондай-ақ 650 мәдениет ошағы салынады және жөнделеді», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.