42 500 теңгені бәрі бірдей ала ма – Президент кеңесшісі атаулы көмек механизмін түсіндірді
Төтенше жағдай созылса, атаулы көмек екі айға беріледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше төтенше жағдай уақытында табыссыз қалып, мемлекеттен 42 500 теңге әлеуметтік көмек алатындар санатын кеңейтуді тапсырған. Сөйтіп, ол тізімге салық төлеушілер ғана емес, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де, жұмыссыздар да кірді. Қ. Тоқаев кей азаматтардың жағдайы жақсы болса да, өтініш беріп, қосымша пайда көріп қалуға тырысатынын жасырмады. Бірақ солар үшін жүз мыңдаған мұқтаж жан зардап шекпеуі тиіс екенін ескертті.
Осыған байланысты төлемдер қаншалықты әділ жүргізілетіні туралы белгілі экономист, Президенттің кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтен пікір сұрадық. Ол да 42500 теңгені өтініш берсе, ресми емес табысы жеткілікті азаматтар да алатынын ашық айтып отыр. Бірақ олар көп емес деп сенеді.
«Табысы жеткілікті азаматтардың да 42 500 теңге алатыны әділетсіздеу көрінуі мүмкін. Бірақ карантинге дейін солай келісімшартсыз, тіркелмей жұмыс істеп, жақсы табыс табатындар көп болса, бүгінде олардың саны қатты азайып кетті деп ойлаймын. Себебі, біраз адам жұмысын жоғалтты. Сондықтан қазір де жеткілікті табыс тауып жатқан аз адам әлеуметтік көмек алып қояды екен деп, басқаларға зиян тигізудің қажеті жоқ», - дейді О. Құдайбергенов.
Ол азаматтардың eGov арқылы онлайн берген өтінішін жергілікті әкімдікке қарасты жұмыспен қамту орталығы қараса да, шешім тез қабылданатынын, бөле-жаруға жол берілмейтінін алға тартып жатыр.
Ал әлеуметтік көмекке өтініш берушілер Президент айтқан 3 млн адамнан да көп болса, қосымша қаржы қаралуы тиіс.
«Логикаға салсақ, 3 млн-нан көп адам мұқтаж болса, солардың бәрі алады. Қазір 3 млн адам тек алдын ала болжаммен есептелген. Себебі, жұмыссыздар одан да көп болуы ықтимал. Халықтың 9,5 млн-ы экономикалық белсенді десек, қазір олардың әрбір үшіншісі жұмыссыз. Төлем осы азаматтарға қарастырылған», - деп түсіндірді О. Құдайбергенов.
Біз еш жерде тіркелмеген кей азаматтар өз әлеуметтік статустарын дәлелдеу үшін 2651 теңге көлеміндегі бірыңғай жиынтық төлем жасап алып, 42500 теңге ала алмай қалудан қауіптеніп жатқаны туралы да сұрадық.
«Ең болмағанда 1 айға бірыңғай жиынтық төлем жасаған адам автоматты түрде өзін өзі жұмыспен жұмыспен қамтушы ретінде есепке алынады. Яғни, сіз айтып отырған мәселе осы жерден жабылады. Сондықтан көмек ала алмай қаламын деп қорқудың қажеті жоқ», - деді бұған қатысты Президент кеңесшісі.
Қазір азаматтардың жәрдемақыға онлайн өтінім беру үшін электронды цифрлық кілт алудан қиналып жатқаны түсінікті. Себебі, eGov сайтында кезек көп болып, техникалық ақаулар жиі шығып жатыр. Олжас Құдайбергенов адамның тұлғасын анықтау үшін басқа сенімді жүйе жоқ дейді.
Айтпақшы, оның болжамынша, елдегі төтенше жағдай тағы бір айға, яғни мамырдың ортасына дейін жалғасуы мүмкін. Сонда азаматтар біз айтып отырған 42 500 теңгені екі рет алады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан