ШҚО-да игерілмеген 90 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Қараусыз жатқан жер телімін ерікті түрде өткізіп жатқан кәсіпкерлер де баршылық

ШҚО-да игерілмеген 90 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында игерілмей жатқан 90 мың гектарға жуық жер мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Тек қана Тарбағатай ауданынан 19 мың гектардан астам алқап анықталды. Ал Самар ауданында енді 17 мың гектардан астам жер жұмыс істейтін шаруаларға беріледі.

Мамандардың айтуынша, қоластындағы қараусыз жатқан жер телімін ерікті түрде өткізіп жатқан кәсіпкерлер де баршылық. 

Самар ауданында мал да бағып, егіннің де ебін тауып жүрген  азамат Марат Құмаровтың иелігіндегі алқап аумағы 10 мың гектардан асады. Жақында бір мың гектарын жеке бөлінген шаруаға, ал екі мың гектарын мемлекет меншігіне өз еркімен қайтарды. Оның айтуынша мал-жаны мен шаруашылығына қалған жер де жетеді. Бос жатқан аймақ бір іске жараса болды, дейді. 

«Үкіметке 1997 гектар жер өткіздік. Мынадай табиғатымыз бар, жайылым жер бар, егіс жер бар, сондықтан мұнда жер бос жатпауы керек, еліміз үшін, халқымыз бәрі жұмыс істеуі керек», - дейді шаруа қожалығының жетекшісі Марат Құмаров. 

Самарда жер еміп отырған жан көп. Тіпті қаладан арнайы келіп шаруашылыққа бет бұрып жатқандар да бар. Сол себепті иесіз, игерусіз жатқан учаскелер алтынмен тең. Осы күнге дейін ауданда жалпы 17 мың гектардан астам жер мемлекет теңгеріміне өтті. Жыл соңына дейін тағы 4 мың гектар жер қайтарылады.

«Осы қайтарылған жер 1 желтоқсаннан бастап толық рәсімделеді, яғни айналымға енеді. Содан соң біз конкурс өткізіп, талапқа сай шыққан азаматтарға беретін боламыз», - деді Самар ауданының әкімі Нұрлан Махамбетов. 

Осылайша, Самарда жайылымға зар болып отырған үш елдімекендегі малдың енді өз өрісі болады. 

Облыста қазіргі таңда 80 мың гектарға жуық жайылым жетпейді. Бұл мәселені шешудің түрлі жолдары қарастырылып жатыр.  
 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.