«Дала қан сасиды»: киіктерді атуға кіріскен инспекторлардың әрекеті халықтың наразылығын тудырды
Атылған киіктер иен далада шашылып жатыр
Киік санын реттеуге кіріскен инспекторлардың әрекеті халықтың наразылығын тудырып жатыр. Үкіметтің қаулысымен киіктердің санын реттеуге рұқсат берілді. Ақбөкендердің ең көп шоғырланған жері БҚО аумағы. Елімізде киік саны ресми дерек бойынша 2,6 миллионнан асады. Биыл желтоқсан айына дейін 300 мың киікті аулауға рұқсат берілген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Киікті күзетумен де, аулауды бақылаумен де «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК айналысады. Бірақ жауапты мекеменің әрекеті қоғамның наразылығын тудырып жатыр. Ауланған киіктің еті ет комбинаттарына өткізіліп, өңделуі тиіс.
«Мына жағдайды көріп шок болып жатырмыз. Бір киікті өлтіргені үшін, киіктің бір ғана мүйізі үшін қанша мың адам сотталып кетті. Енді сол киікті қырып жатыр. Жасап жатқандары масқара! Дала қан сасиды. Сұмдық қой, мен бұлай болатынын алдын ала білдім. Бұлайша қырса онда несіне киіктің санын көбейтті? Мемлекеттен миллиардтаған ақша бөліп, адамдардың өмірін қиып, қаншама инспекторлар өлді, қаншамасы мертігіп қалды. Обал ғой. Бұның сұрауы бар. Сөзім жоқ», -деді Батыр есімді тұрғын.
Жуырда ғана тағайындалған Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елде киік атуға шешім қабылданғанын, атылған киіктердің еті комбинаттар арқылы сатылатынын мәлімдеді. Киікті аулау қазіргі уақытта БҚО, Қарағанды, Қостанай және Ақмола облыстарының аумағында жүріп жатыр. Биологиялық негіздемеге сәйкес, киік санын реттеу корал (тор құру) әдісімен және ату арқылы ауланады. Ведомство киіктердің санын 20 пайызға азайтуды жоспарлаған. Нысанбаевтың сөзінше, киік етінің әр келісі 300 теңгеден ет комбинаттарына өткізіледі. Ет комбинаттары ветеринарлық бақылауы бар сауда нүктелерінде сата алады. Бірақ даладағы мына жағдайды көрген ел киік етін алмауға кеңесі беріп жатыр.
«Тірідей әкеліп сойғанын жемесең мынандай жағдайда киктің етін сатып алып жеуге болмас. Киікті қырып жатыр. Жинап үлгермегендіктен киіктің еті сасып жатыр. Шама келсе, етін жемеу керек. Ештеңеге дайын емес екенбіз. Батысты «бардак» қылды. Біздегі ең басты проблема маман, кадр жоқ. Мына жағдай өз ісін, жұмысын білетін мамандардың жоқтығын білдіреді. Бәрі қағаз жүзінде. Іске келгенде жұмысты білмейді. Бұның аяғы жақсылыққа апарамайды. Киікті осындай әдіспен азайту деген теріс. Басқа елдер көрмесін біздің мына сорақылық әрекеттерімізді. Шаш ал десе, бас алу. Істің мән-жайын білетін министрлікте, комитетте адам қалмаған ба? Асырап келіп, соңында бұлай жасау қиянат. Шіріп, сасып жатыр, енді ауру туса, киік тағы қырылады», - деді батыс қазақстандық тұрғындар.
Қазақ даласында киіктің Бетпақдала, Үстірт және Орал тұқымдастары бар. Кейінгі жылдары үш тұқымдастың да саны көбейе бастаған. Әсіресе Батыс Қазақстан облысының шаруалары айрықша көбейген киік шаруашылыққа зиян келтіре бастағаны жайлы көптеген шағым жасаған. Шаруалардың мәселесін үнемі көтеріп жүрген қоғам қайраткері Серік Жарылғапов, істің мүлдем бақылаусыз жүргізіліп жатқанын айтты.
«Киікті автомойкада да сойып жатыр. Ет комбинаттары қабылдап үлгермей, тоқтатып қойды. Жан-жақтан небір хабарлап келіп жатыр. Киікті реттеудің нақты жобасы, жоспары жоқ. Нақты алгоритммен жұмыс істеу керек қой. Сол жақтан ет қабылдайтын орын ашу керек еді. Бұны мен баяғыдан айтып келем. Киіктің еті бұзылмайтындай, обалды қылып далаға сасытып тастамайтындай жағдайды алдын ала ойлап, жасау керек еді. Бұлай болмайды. Даланы бүлдірді. Халыққа ертең не деп айтады?! Бұндай әрекетті мүлдем түсінбеймін», - деді ол.
Тек БҚО бойынша киіктерді аулауға 8 бригада құрылған. Олар атқан, тор құрып ұстаған әрбір киікті 4 мың теңдеген алады. Кешегі күнге дейін ақшылар 2 мыңға жуық киікті атқан. Ақбөкендерді аямай қырып жатқанмен, оларды ысырап қылмай жинауға қауқарсыз болып шықты. БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Сағынтайұлының сөзінше, киікті көлік жуу орталықтарында сою сынды жағдайлар болған.
«Жұмыстарды жүргізумен «Охотзоопром» айналысып жатыр. Аңшылармен келісім шарттарды да солай жасайды. Болып жатқан кейбір жағдайларды білем. Олар біздің облыста емес. Тек киіктерді автомойкада сою болған. Қазір ол жерді реттеп, барлық тиісті құжаттарын алды. Талаптарға сай жұмыс істеп жатыр. Киіктерді аулау, ату Казталовка, Жәнібек аудандарында жүргізіліп жатыр. Қазір де өзім далада жүрмін жұмыстарды бақылап. Жағдайды барынша бақылап отырмыз. Кейбір ақпараттардың бізге қатысы жоқ. Машиналардың номерлеріне қарасақ біздің облыстан емес. Бізде 2 бригада карал арқылы, 6 бригада атумен айналысады. Далада сасып, ішек-қарнындардың шашылып жатуы дұрыс емес. Бірден жинап алу керек. Қазір күн салқындау, бірден бұзыла қоймайды, сонда да бір сағатқа жеткізбей қанын шығарып, жинап, ет комбинаттарына өткізу керек. Сол кезде ғана аңшылар ақшаларын ала алады», - деді БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов.