БҚО-да мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған шығармашылық фестиваль өтті
Аталаған фестиваль биыл 25-ші рет ұйымдастырылуда
БҚО-дағы «Атамекен» өнер ордасында қайырымдылық айы шеңберінде «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығына арналған XXV облыстық шығармашылық фестивалі өтті. Байқауға 16 мен 35 жас аралығындағы өнерпаздар қатысты. Үздік деп танылғандар облыстық кезеңде өнер көрсетеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жиылғандарды Республика күнімен құттықтады.
Қайырымдылық айы аясында қарияларымыз бен әлеуметтік осал топтағы жандарды қолдауға жоспарланған іс-шараларымыздың бірегейі - бүгінгі фестиваль. «БҚО мүгедектері ерікті қоғамының бастамасымен ұйымдастырылған бұл фестивальдің қоғам алдында маңызы зор» деп сөзін сабақтаған облыс әкімінің орынбасары шығармашылық фестивальге қатысушыларды арнайы аталымдармен марапаттады.
БҚО мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов фестивальге облыстың 12 ауданынан және Орал қаласынан қатысқан 50-ден аса өнерпаз «Үздік көрме», «Үздік ән» және «Үздік музыкалық аспапта орындау» номинацияларына ие болғанын атап өтті.
«90-жылдардың соңында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып бастау алған шығармашылық фестиваліміз 25-ші рет ұйымдастырылуда. Өздеріңіз білетіндей, қазан айындағы қариялар күні мен мүгедектігі бар жандарға арналған күннің мақсат-маңызы - жанымызда жүрген мүгедектігі бар жандарға шығармашылық әлеуетін дамытуға қолдау көрсету, оларды қоғаммен етене араластыру. Олардың құқықтары мен мүддесін қорғау, еңбек етуіне, оқуына және спорт, мәдени көпшілік шараларға кеңінен қатысуына ықпал етіп, қоғамға етене араласуына мүмкіндік жасаудамыз», - деді облыстық мүгедектер ерікті қоғамының төрағасы.
Төрағаның айтуынша, Ақжайық өңірінде 25 мыңға жуық мүгедек болса, олардың жұмыс істеуі, кәсіпкерлікпен айналысуы, спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалуда. Келісілген меморандум бойынша мүгедектер спорт клубы және қалалық спорт бөлімі мүгедектермен ай сайын жоспарлы түрде спорттың әр түрінен жарыстар өткізеді. Отырып ойнайтын волейбол командасы «Конденсат» зауытының залында тұрақты жаттығу жасайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында ерекше қажеттілігі бар қамкөңіл жандарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге баса назар аударылған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде 2025 жылға дейінгі облыстық жоспар бекітілген. Ал қайырымдылық айлығы осы айдың соңына дейін жалғасады. Алайда қариясын қазына санайтын қазақ үшін қайырымдылық жасау қазан айымен ғана шектелмеуі тиіс. Қазақстан әу бастан-ақ өзінің негізгі бағыттарын айқындап алған елдердің бірі. Ал еліміздің даму стратегиясында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қорғау басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылған. Ал әлеуметтік сала қоғам өмірінде басты рөл атқарады. Сол себепті еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап қоғамның әлсіз тұсына баса көңіл бөліп келеді.
Айта кету керек, бүгінде облыс көлемінде 24 400 мүмкіндігі шектеулі адам есепте тұрады. Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамында 4 190 қоғам мүшесі тіркелген. «Қоғам» басқармасының қабылдауына айына 60-70 адам әртүрлі сұрақтармен келеді. Облыс орталығында аталмыш санаттағы тұлғаларға «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Орал қаласында 46 «Инватакси», 10 арнайы көлік бар. «Тең Қоғам» әлеуметтік қолдау орталығында мүгедектігі бар адамдармен кездесулер жиі өтеді. Қайырымдылық айлығы шеңберінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында облыстық спартакиада ұйымдастырылды.
Қамкөңіл жандарға жігер беруді мақсат еткен салтанаты шара концерттік бағдарламасына жалғасты.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА, Батыс Қазақстан облысы