«Жастар жалыны» студенттер спартакиадасы жеңімпаздарын марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті
Бүгін БҚО-дағы «Атамекен» өнер ордасында Қазақстан Республикасы күніне орай «Қыран елім - Қазақстан!» патриоттық форумы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Биылғы жылы өңірімізде жастардың шығармашылығын дамытып, биікке өрлеуіне бағытталған жобалар кең қанат жайды. Форумға қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев еліміздің әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық өміріне белсене араласып, талантымен елге танылып, талабымен өрге жүзген, әр түрлі салада білім алып, үздік атанып жүрген Жайықтың жалынды жастарын марапаттады.
Салтанатты шараны ашқан өңір басшысы Нариман Төреғалиев баршаны алда келе жатқан 25 қазан – Республика күні мерекесімен құттықтап, патриоттық форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Отыз жылда бір ұрпақ алмасады десек, сіздер сол отызға жеткен, отыздан асқан азаматтарсыздар. Мұны айтып тұрған себебім, 1990 жылы 25 қазанда Жоғары Кеңестің қаулысымен тарихымызда тұңғыш рет Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Республика күні 1992 жылдан бері аталып келеді. Өткен жылы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, «Республика күні – еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы қажет Әрине, Тәуелсіздік күнінің мәні сақталып, мемлекеттік мереке болып қалады. Бірақ тәуелсіздік алуға үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» – деді ол.
Мемлекеттік мерекелердің тізімінде Республика күні Ұлттық мереке ретінде екінші жыл аталып өтуде. Яғни, ұлттық мерекеміздің тарихи шежіресі сіздермен бірге жасап келеді. Мұның саяси, тарихи рөлін терең түсінгендеріңіз абзал.
Қазіргі таңда жастар игілігіне атқарылып жатқан істер аз емес. Десе де, бұл жастардың жеке бас қамдары үшін емес екені мәлім. Әрбір жас азаматтың алып жатқан ісінің артында үлкен аманат бар. Себебі ел ертеңі жастар болғандықтан, олардың қазіргі хал-ахуалы, тәлім-тәрбиесі, білімі – бәрімізге маңызды болуы тиіс. Елдің айнасы жастар. Егемендікті сақтап, алға апаратын да болашақ ұрпақ, сіздерсіздер. Қазір жастар заманға сай қарқынды даму үстінде, бұл бағытта әрқашанда назарға алып, әлеуметтік желілерден көріп бақылап отырамын. Облысымызда жастарды толғандыратын мәселелерде аз емес, – деген Нариман Төреғалиұлы жастарға қолдау көрсету – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Өткен жылы «Жастар саясаты туралы» Заңға өзгерістер енгізіліп, еліміздегі жастардың көп бөлігін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту үшін, олардың жасы 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Облысымызда жастар өңір халқының 19 пайызын құрап отыр. (БҚО-да 14 пен 35 жас аралығындағы 187 635 жас бар: қалада – 104 685, ауылда – 82 906).
Өңір басшысы өз сөзінде мектеп, колледж, университет адамның таным-көкжиегінің, білімінің іргетасын қалап белгілі бір мамандық иесі болуына септігін тигізіп, жастардың болашақта қызмет етіп, карьерасын құруына мүмкіндік жасайтынын жеткізіп, осы шақтан бастап жастардың еңбекке араласуы да заңды құбылыс екеніне тоқталды. Бұл бағытта жастардың еңбек жасақтарының үлесі зор.
Биылғы жылы жастарды қолдау, олардың бастамаларын жүзеге асыру бағытында бірқатар кешенді шаралар жоспарланып, жастар саясатын іске асыру үшін облыс бойынша 216,8 млн қаражат бөлінген. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы шеңберінде жастарға арналған жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар қарастырылып, 2022 жылы 118,2 млн тенгеге 26 жоба мақұлданды. Биыл 238 жас кәсіпкерге несие беру жоспарланып, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1 190,0 млн теңге қарастырылған, бүгінгі таңда 176 жасқа несие берілді.
«Мемлекет тарапынан жастарға ұсынылатын қолдау шаралары көп болғанымен, елімізде оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелерін шешу мәселесі әлі де өзекті. Осыған орай жастар ресурстық орталықтарының жұмысын күшейту қажет. Ресурстық орталықтар жаңа форматта жұмыс бағытын өзгерту керек, жастармен адрестік жұмысты одан әрі жандандыру қажет. Қоғамда жастардың маргиналдануы өзекті мәселе болып отыр. Жұмысы, айналысатын кәсібі бар жастар теріс жолға, құқықбұзушылыққа немесе жат діни ағымдардың жетегінде кетпейді деп есептеймін. Жастар өз Отанының патриоты, бәсекеге қабілетті, отансүйгіш азамат ретінде қалыптасып, дамуы керек. Өйткені, Егемен елдің жастары – ертеңгі күннің жарқын болашағы. Қазіргі біздің жастарымыз ел дамуы жолында бар білімі мен күш қуатын сарқа жұмсау керек. Жастардың тұрғын үй мәселесін де кезең-кезеңмен шешуіміз қажет, бұл ретте Отбасы банкімен келісімдер жүргізілуде, алдағы уақытта облыс жастарына арнайы тұрғын үй бағдарламасы ашылуы жоспарлануда», – деген облыс әкімі жастарды біріктіретін, ұжымдық көңіл-күй сыйлайтын іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылуы керектігін баса айтты.
Форумда өңір басшысы биылғы жылы белсенді, шығармашыл жастардың бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында ұсынылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты иегерлері мен «Жастар жалыны» студенттер спартакиадасы жеңімпаздарын марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті. Ғылым, мәдениет, ақпараттық технология, бизнс және медиа саласы бойынша грант иегерлеріне 500 мың теңгелік арнайы сертификаттар табысталды. Жастардың рухын оятып, жалынын лаулатқан форум аясында патриоттық әндер шырқалып, көпшілік назарына театрландырылған қойылым ұсынылды.
Кәусар БАЙҒАЛИЕВА, Батыс Қазақстан облысы