Премьер-Министр парламенттік тергеу институтын енгізуге келіспейтінін айтты

Azattyq Rýhy

Бұл ретте Премьер-Министр Парламент қызметінде парламенттік бақылау механизмі жұмыс істеп тұрғанына тоқталған

Премьер-Министр парламенттік тергеу институтын енгізуге келіспейтінін айтты

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов депутаттардың парламенттік тергеу институтын енгізу жөніндегі ұсынысымен келіспейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ведомстваның ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Депутаттық сауалда қоғамдық және парламенттік бақылауды күшейту, өкілді, атқарушы және сот билігі жүйесінде тежемелік пен тепе-теңдікті қалыптастыру жөніндегі халықаралық тәжірибені енгізу қажеттігі туралы атап өтіледі. Сондай-ақ «Ақ жол» ҚДП фракциясы, «AMANAT» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның депутаттары, сондай-ақ бір мандаттық округтен сайланған депутаттар тобы бастама жасаған «Парламенттік тергеу туралы» Заң жобасы қоса беріледі. Қарастырылып отырған мәселе бойынша әлемдік тәжірибені зерделеу парламенттік тергеу институтын енгізудің мемлекеттік органдар жүйесімен және мемлекеттік басқару нысанымен байланысты екенін көрсетті», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Әлихан Смайылов атап өткендей, негізінен бұл институтты енгізу парламенттік республикаларға тән. Ал Конституцияның 2-бабына сәйкес, Қазақстан президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.

«Парламент қызметінің құқықтық негіздерін талдау Парламенттің тексеруді жүзеге асыру жөніндегі өкілеттігі Конституцияның 47-бабында – Республика Президентіне қатысты оның мемлекетке опасыздық жасағаны үшін бекітілгенін көрсетеді. Бұдан басқа, Конституцияда өзге жағдайларда Парламентке парламенттік тергеуді жүзеге асыру құқығын беру көзделмейді. Сонымен қатар Конституциялық Кеңес Конституцияда Парламент өкілеттігінің түпкілікті тізімі белгіленгені және Парламент өкілеттігі көлемін әдеттегі немесе конституциялық заң қабылдау жолымен өзгерту көзделмейтіні туралы ресми түсіндірме берді (1997 жылғы 15 қазандағы № 17/2 қаулы)», - деп жазылған Әлихан Смайыловтың жауабында.

Бұл ретте Премьер-Министр Парламент қызметінде парламенттік бақылау механизмі жұмыс істеп тұрғанына тоқталған. Ол қызметке сайлау және босату, тағайындауға келісім беру, лауазымды тұлғаларды оларға ешкімнің тиіспеуі жөніндегі құқығынан айыруды, Үкіметке сенім туралы мәселені шешуді, парламенттік тыңдаулар өткізуді, депутаттық сауал жолдауды қамтиды.

«Осылайша, парламенттік бақылау институтының негізін Конституцияда, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда, сондай-ақ Парламент регламентінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген нормалар кешені құрайды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде бастама жасалып отырған Заң жобасында ұсынылған парламенттік тергеуді жүзеге асыру жөніндегі Парламенттің өкілеттігі Конституцияда белгіленген заң шығарушы органның құзыреті шеңберінің шегіне жатпайтынын атап өтеміз», - делінген Премьер-Министрдің депутат сауалына орай жазған жауабында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.