«Бастысы, адам шығыны болмаса деп тілейміз»: төтеншеліктер өз жұмыстары жайлы
Биыл азаматтық қорғау органдарына – 28 жыл

1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды. Сол құжатқа сәйкес 19 қазан Құтқарушылар күні болып бекітілді.
Яғни, Төтенше жағдайлар қызметі Тәуелсіздік алып, елдің конституциясы қабылданған соң пайда болды.
Биыл қазақстандық құтқарушылар Түркияда және Ауғанстанда болған жер сілкінісінің зардабын жою үшін аталған мемлекеттерге арнайы барып, көмек көрсетті.
7-19 ақпан аралығында Түркияның үш провинциясының аумағында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, Нурдагы ауданында, Газиантеп және Хатай қалаларында азаматтарды үйінді астынан шығаруға атсалысты. Сонымен бірге Қахраманмараш провинциясына үздіксіз гуманитарлық көмек жеткізіп отырды.
Жасақ құрамында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары, кинологиялық есептер және Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері болды. Azattyq Ruhy тілшісі мереке күні ТЖМ, Жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Нұрғалиев Ұлан Қайратұлымен сұхбаттасты.
«2015 жылдан бері осы салада қызмет етемін. Халыққа көмектескен, елдің сауабын алған ұнайды. Мәртебем көтеріледі. Мамандығымды жақсы көремін. Жұмысқа кірер алдында бұл саланы таңдаған мамандар арнайы 3 айлық дайындықтан өтеді. Физикалық және психологиялық тұрғыдан дайын адам ғана әрі қарай өрт сөндіруші болып жұмыс істей алады. Басымыздан талай оқиға өтті. Ең есімде қалғанының бірі, осыдан 2-3 жыл бұрын Астанада дәмхана жарылған. 17-18 жастағы қыз үйінді астында қалып қойған. Мен сол оқиға орнындағы үйіндінің астына кіріп, касса аппаратына басы қысылып қалған қызды 1 сағат көлемінде құтқарып шығардық. Жалпы, өзімнің екі қызыма үлгі болып, халықтың батасын алып, қызмет ету – менің басты мақсатым», - дейді Ұлан мырза.
Түркияға аттанған жедел топтың құрамына Астана, Алматы қалаларының, Қарағанды және Ақмола облыстарының мамандары, сондай-ақ Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері кірді.
Іздестіру-құтқару жұмыстары ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың басшылығымен жүргізілді. Жүктелген міндеттер қауіпсіздік техникасын сақтай отырып, толық көлемде орындалды.
Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 15-18 адамнан тұратын арнайы топтардың ұйымшылдығы нәтижесінде үйінділерден Түркияның 7 азаматы құтқарылып, қаза тапқандардың 88 мәйіті алынды.
Сондай-ақ 200-ге жуық тұрғынға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Мұндайда әр минуттың маңызы зор болғандықтан құтқарушылар тәулік бойы үш ауысыммен жұмыс істеді.
Ауғанстан мен Түркиядағы зілзала оқиғанынан бөлек, өз елімізде Абай облысындағы өрт трагедиясы – ең ірі төтенше жағдай оқиғасы ретінде тіркелді. 70 мың гектарға жуық орман жанып кетті, салдарынан 15 адам қаза тапты. Алапат өрт 8 маусым күні басталған болатын. Семей орман резерватынан басталған өртті алғашында аймақтағы өрт сөндірушілер мен орманшылар өз күшімен сөндіруге әрекет еткен. Солардың қатарында Семей қаласы, 7-өрт сөндіру бөлімінің қарау басшысы, Азаматтық қорғау капитаны Нұртазаев Елдос Нұрдәулетұлы де болды.
«Бұл мамандықты мен елге, адамға пайдам тисе екен деген арманмен таңдадым. 2016 жылдан бері Бородулиха ауданында өрт сөндіруші болып жұмыс істеп бастадым. Содан бері бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін. Алматыдағы Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін бітіргенмін. Қазіргі екінші оқуым – Семей қаласындағы Ә.Бөкейхан атындағы университет.
Абай облысында өрт басталған сәтте де, басқа төтенше жағдайда да, адам шығыны болмаса екен деп ойлап оқиға орнына аттанамыз. 15 адамның қайтыс болуына барша өрт сөндірушілердің атынан қайғырып көңіл айтамыз. Біз, 7-өрт сөндіру бөлімі бірінші күннен соңына дейін апат орнында өртпен күрестік. «Үш күннен соң тозаққа да үйренесің» демекші, ыстыққа да үйреніп кеттім. Алайда, өрттің ортасында қалып қоя жаздадық. Өздеріңіз білесіздер, өрт кезінде ең кедергі келтіретін – жел. Ол бағытын өзгерткен сайын, түтін келіп, тұншықтырады. Біз қиын сәтте, түтін басып кеткенде, аман-есен қашып шықтық. Бірнеше тәулік күресіп, әйтеуір, өрт сөндірілді. Мәселелерге келсек, әскерилер, полиция қызметкерлеріне төленетін пәтерақысы біздің де сала мамандарына төленсе екен деген тілегіміз бар», - деді Елдос.
31 жастағы азамат биыл отбасын құрған. Мереке күні құтқарушылардың әлеуметтік жағдайына қолдау ретінде осындай ұсынысын жеткізді.
Өмірді құтқару – қауіпті әрі игі іс. Жыл сайын орта есеппен 16 мыңға жуық төтенше жағдай тіркеледі, қазақстандық құтқарушылар 10 мыңнан астам адамды құтқарып, 20 мыңнан астамын эвакуациялайды.
Сымбат ҒАЛЫМЖАН