$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Талап күшейді»: Алматы облысының әкімі Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру туралы

Облыс әкімінің сөзінше, туризмді дамытудың бір бағыты Іленің жағасында да жүргізіледі

«Талап күшейді»: Алматы облысының әкімі Президент Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру туралы

Президент биылғы Жолдауында «тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу» керек деді. Мемлекет басшысы жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің  қызметін өзгертуге  айрықша назар аудару қажет екеніне де тоқталды. «Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек. Ғимараттардың сыртқы көрінісі және ішкі инфрақұрылымының қызметі азаматтардың көңілінен шықпайды, елімізді шетелдіктердің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырады», - деген еді Президент өз сөзінде. Мемлекет басшысының жолдауда көтерген мәселелері Алматы облысында қалай жүзеге асып жатыр? Инвестиция, өнеркәсіп, жер және туризм тақырыбы да көтерілген. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жоғарыдағы жұмыстардың қалай  атқарлып жатқанына тоқталды. 

Әкімнің сөзінше, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика байқалады. Биыл өнеркәсіп көлемі 8,6% өсіп, 1,3 трлн теңгеге жетті. Сауда-саттық 7% өсіп, 1 трлн теңге көлеміне шықты. Тұрғын үйді қолданысқа беру 4% өсіп, 714 мың шаршы метрді құрады. Инвестиция көлемі 5,4%-ға артып, 441,1 млрд теңгеге жетті. Инвестициялар есебінен 46,4 мың жұмыс орындары құрылды. 

Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласының Бас жоспары бекітілгенін айтып, оның аясында қандай жұмыстар атқарылатыны туралы ақпаратпен бөлісті.

«Облыстың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Сондай-ақ 2 қыркүйекте Қонаевтың Бас жоспары бекітілді. Жоспарға сай, жаңа шаһардың аумағы 19 мың гектарды қамтиды. Халық саны 2050 жылға қарай 200 мыңға жетеді», - деді Марат Сұлтанғазиев.

Өңір басшысының сөзінше, негізгі әкімшілік ғимараттар Қонаев қаласының қазіргі аумағында салынады. Жақында жаңа әкімшілік-тұрғын үй орталығын салуды көздейтін қаланы дамытудың Кешенді жоспары қабылданады. Ал 2-ші кезеңде «Жаңа Іле» алаңы игеріледі. Онда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдениет, білім беру ғимараттары, тұрғын-үй кешендері және рекреациялық мақсаттағы нысандар салынады.

Бүгінде шаһар маңындағы саяжайлардың да болашақ тағдыры белгілі болған. Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, Бас жоспарға сәйкес, 6 мың адам тұратын 9 саяжай алқабы қала шекарасына енгізілді. Олардың орнына көпқабатты ғимараттар салынады.

Аймақ басшысы облыста құрылыс нысандарын салуға талап күшейтілгенін атап өтті. Мысалы, Қонаевта салынып жатқан 10 көпқабатты үйдің 7-нің жобасы толықтыруға жіберілген. Оларға қасбетіне, абаттандыруға, автотұраққа байланысты ескертулер жасалды. Жолдауда Президент жолдың сапасын, жол инфрақұрылымын жақсарту жайына да арнайы тоқталған еді. Марат Сұлтанғазиевтың сөзінше, Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы биыл қолданысқа берілді. Енді осы жолдың бойында 4 ірі халықаралық компания өндіріс ошағын ашпақ.

«Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылады, халықтың әл-ауқаты артады, маятниктік миграция төмендейді. «Арна»  өндірістік аймағы Қонаев қаласының дамуына ықпал етеді. Онда жалпы құны 105 млрд теңгеден асатын 1,5 мың жұмыс орны құрылатын ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда», -деді ол.

Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиев Шеңгелдідегі суармалы алқап пен сорғы станцияларының мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, бүгінде суару желілері жаңартылып, кейбір сорғы станциялары коммуналдық меншікке өтпек. Жайылым жер түйткілі де назарда. Қазіргі таңда Қонаев қаласына қарасты аумақта 25,6 мың га пайдаланылмайтын жер анықталып, оның 12,8 мыңы мемлекетке қайтарылған. Басым бөлігі Шеңгелді алқабында: 21,3 мың га анықталып, 8,6 мың гектары қайтарылған. Туризм мен медицина саласы да Мемлекет басшысының сынына ұшыраған. Облыс әкімінің сөзінше, туризмді дамытудың бір бағыты Іленің жағасында да жүргізіледі.

«Жаңа Іле аумағынан Шеңгелді ауылына дейінгі жағалау аймағының құрылыстану жобасын әзірлеу басталды. Сонымен қатар елді мекендегі медициналық амбулатория күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жалпы Қонаев қаласы бойынша 23 проблемалық сұрақ бар. Бүгінде 4 мәселе шешілді. Қалған сұрақтар кезең-кезеңімен шешіледі - деді Марат Сұлтанғазиев.

Серіктес жаңалықтары