Электр қуатының тапшылығы аумақтың өнеркәсіптік әлеуетінің дамуын тежеп келді
Алматы облысындағы өндіріс орындарына электр энергиясы жетіспейді. Өңірде бірнеше индустриалды аймақ құрылған. Ол жердегі алпауыт компанияларда тоқ қуаты тапшы, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық порталының тілшісі.
«Көкөзек» қосалқы станциясын (ҚС-110/10-10кВ) іске қосу барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев осылай деді. Оның айтуынша, электр энергиясының тапшылығы өндіріс орындарының жылдам дамуына, өнімдерін арттыруға кедергі келтіріп келеді.
Облыс әкімінің сөзінше, бұрынан жұмыс істеп келе жатқан ірі халықаралық компанияларға таратылатын тоқтың тапшылығы шешілсе, олар өндіріс көлемін кеңейтуге дайын.
«Бізде тоқтың тапшылығы жиі болып тұрады. Өйткені Қонаев қаласы, салынып жатқан моно қала, индустиалды аймақтар бар. Шелек, Жетіген, Қазыбек бек индустриалды аймағы бар. Жер көлемі үлкен, бірақ ондағы компанияларға электр қуаты жетіспейді. Инфроқұрылымды дұрыс жолға қойсақ, өндіріс саласы тез дамиды. Былтыр ғана 200 гектар жерге «Қайрат» индустриалды аймағын аштық. Бүгінде ол жерде бірде-бір бос орын қалмады, 11 компания орналасады, алғашқылары жұмысын биыл бастайды. Электр тоғына сұраныс өте көп», - деді Марат Сұлтанғазиев.
Электр қуатының тапшылығы аумақтың өнеркәсіптік әлеуетінің дамуын тежеп келген. Өңірдегі қосалқы станциялардың жоғары, максималды жүктемесі электр жабдықтарының жиі апатты істен шығуына және тұтынушыларды, соның ішінде білім беру және денсаулық сақтау нысандарын электр қуатымен жабдықтаудағы үзілістерге алып келген. Осы мәселелерді шешу үшін Қарасай ауданында 2,73 миллиард теңгеге қосалқы станция салынды.
Жаңадан іске қосылған «Көкөзек» қосалқы станциясы сол маңда тоқтың тапшылығын көріп отырған 1500 отбасын да жарықпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жаңа қосалқы станция 350-ге жуық шағын және орта бизнес субъектілерін сенімді және тұрақты түрде электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді.
«Бұл облыс үшін өте маңызды жоба. Қарасай, Жамбыл, Іле ауданынның өндіріс орындары кейін осыған қосылады. Инвестицияның тартымдылығын ескерсек, бұл станцияның маңыздылығы біз үшін өте зор. Станция қосылған бетте одан одан берілетін тоқ таратылып кетті. Бұл станцияны кеңейту жағы да көтеріліп жатыр. Өйткені қазір жер жұмыстары бітті, жақында темекі шығаратын фабриканың құрылысы басталады. Сусындар шығаратын халықаралық компаниялар өнімдерін кеңейтуге мүмкіндік туды, Елдімекендерде күннен күнге өсіп жатыр», - деді Алматы облысының әкімі.
Нысанда әлемдік жетекші өндірушілердің жоғары вольтты жабдықтары орнатылған. Салынған энергетикалық нысан стратегиялық және экологиялық қауіпсіздіктің барлық заманауи талаптарына жауап береді. «Көкөзек» қосалқы станциясының құрылысы «Алатау Жарық» және «Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингінің қаражатына салынды. Станцияны салу үшін әкімдік 21 жеке тұлғаның меншігі болған жерді кері қайтарған.
«Бұл аумақта электор энергиясының жетіспеушілігі проблема болып келгені ешкімге жасырын емес. Қосалқы станция қосымша тұтынушыларды қосу мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, осылайша өндіріс пен бизнесті дамыту үшін ғана емес, тұрғындар үшін қажетті әлеуметтік нысандарды салу үшін де қолайлы жағдай жасайды. Мысалы, бүгінде Көкөзек және Елтай ауылдарында 1500 баладан тұратын екі жайлы мектепті қосуға техникалық жағдай жасалды. Станцияның ішіндегі қондырғылардың 70 пайызы қазақстандық өндірушілердің өнімі. Станцияны салған да 100 пайыз қазақстандық компания. Шетелден адамдар шақырылмады»,- деді «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов.
Компания сарапшыларының айтуынша, Алматы энергожүйесін дамыту әлі де жалғасады. Инвестициялық бағдарламаға сәйкес қолданыстағы электр желілерін жаңғырту және жаңа электр желілерін салу, сондай-ақ ескірген жабдықты ауыстыра отырып, қолда бар трансформаторлық қосалқы станцияларды реконструкциялау жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылады. Осы жобаларды іске асыру желілердің өткізу қабілетін арттыруға, электр энергиясын беру кезіндегі техникалық шығындарды азайтуға, сондай-ақ жаңа тұтынушылардың қосылуын қамтамасыз етуге және желідегі кернеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алматы облысындағы ескірген станцияларды жаңартуға 35 миллиард теңге бөлінген.