Астанадағы элиталы тұрғын үйде құбыр жарылып, бірнеше пәтерді су басты
Ғимараттың қабырғалары су болып қана қоймай, электр энергиясына да тиген
Астанада жылу берілген күні-ақ элиталы тұрғын үйдің құбыры жарылып, бірнеше пәтерді су алып кетті. Жөндеу жұмыстарын жаңадан жасаған тұрғындардың баспанасы бүлініп, далада жүруге мәжбүр болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.
Кеше Астанадағы барлық тұрғын үй кешеніне жылу берілуі керек еді. Алайда мына комфорт плюс санатындағы кешеннің тұрғындары қытымыр қыс басталмай жатып, әбден әбігерге түсті. Құбыр жарылып, су бес қабаттағы пәтерді басып қалған. Тіпті кіреберістің төбесі опырылып түскен.
Ғимараттың қабырғалары су болып қана қоймай, электр энергиясына да тиген. Жедел саты істен шығып, үй жарықтан ажыратылған. Соның кесірінен техникалық мамандар ішке біраз уақыт кіре алмады. Ал тұрғындар сағат 01:30-да үйіне кірген. МИБ төрайымы «пәтері бүлінген адамдардың шығынын құрылыс компаниясы өндіру керек» дейді.
«Үйге берілген кепілдік уақыты біткен жоқ. Құрылыс компаниясына тұрғын үйдің айналасын, ішін көрсете аламыз. Тұрғын үйді бақылау басқармасы қалай қабылдап алған?», – деді МИБ төрағасы Кәмшат Олжабаева.
Ал жергілікті билік өкілдері су басқан пәтер туралы жақ ашпады. Әкімдік өкілі «құрылыс компаниясы кіреберістегі опырылып түскен төбені жөндейді» деді. Қалған жұмыстың барлығын пәтер иелері өз ақшасына жасауы керек.
«Құрылыс компаниямен бірге жұмыс жүргізілуде. Барлық тұрғын үйге ыстық су және жылу берілді. Кіреберістегі опырылып түскен төбені қалыпына келтіру жұмысын жүргізіліп жатыр. Келесі аптада аяқталады», – деді Нұра аудандық әкімдігінің Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Еркебұлан Көшкінбай.
Ал «жарнамасы жер жарған тұрғын үй кешенінен тірнектеп жиған ақшамызды құйып, пәтер алдық» деген тұрғындардың кешеннің сапасына көңілі толмайды. Түрлі ойық пен су толып қалатын жертөлені құрылыс компаниясына көрсеткеннен пайда жоқ көрінеді.
«Жаңбыр жауғанда су жертөлеге жиналады. Тұрғын үйдің асты суға толса, ертең құламай ма?», – деді қала тұрғыны Гүлсінай Жарылқасынова
Бұл тұрғын үй кешені қолданысқа берілгеніне екі-ақ жыл болған. Қыста тұрғындар «үйдің сапасына көңіліміз толмайды» деп шулаған еді. Ал жылу бергенде құбыры жарылып, әбігерге түсті.