Қауіпті індетпен күресіп жатқан 160 тан астам елордалық дәрігерге жәрдемақы төленеді
Нұр-Сұлтан қаласында коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге 153 миллион теңге үстемақы төленеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қауіпті індетпен күресіп жатқан 160 тан астам елордалық дәрігерге жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар, 630 астам орта және 623 кіші медицина қызметкерлері де қосымша үстемақы алады. Брифингте қаланың бас дәрігері Нұр-Сұлтанда тараған қауіпті індетпен күресуде жүргізіліп жатқан жұмысты айтып, қиын ахуалға да тоқталды. Оның сөзінше, 6 пациенттің жағдайы ауыр. 2 науқас өпкенің жасанды желдету аппаратына қосылған. Бүгінгі күні жұқпалы инфекциямен күресіп жатқан 300 медицина қызметкері қонақүйге орналастырылған.
«Қалада короновирус инфекциясын жұқтырушылардың саны азамай отыр. Коронавирус жұқтырған адамдармен байланыс жасағандар да көп. Сондықтан карантин ережелерін сақтауды қатаң талап етеміз. Шектеуді күшейткен жағдайда ғана індетті ауыздықтай аламыз. Коронавируспен тіркелген 1 пациент орташа алғанда, 9-10 адаммен байланыста болған. Бүгінгі күні коронавирус инфекциясын жұқтырған 6 адамның жағдайы тұрақты ауыр», - деді басқарма басшысы.
Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласына 22-30 наурыз аралығында халықаралық 28 рейспен 2575 жолаушы ұшып келген. Барлығынан биоматериал алынып, жолаушылардың бесеуінен қауіпті індет табылған. Бүгінгі таңда елімізде коронавируспен барылғы 325 адам ауырып жатса, олардың 175-і – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Елордада коронавируспен ауырған адамдармен байланыста болған 1651 адам оқшауланған.