Алматы облысында қонаққа баруға тыйым салынды

Автор: Azattyq Rýhy

Қаулы бүгін түнгі сағат 00:00-ден бастап күшіне енді

Фото ашық дереккөзден

Алматы облсында коронавирустың тарауына жол бермеу үшін қонақ шақыруға тыйым салынды. Көшеде үш адамнан көп жиналуға да болмайды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Шағын бизнес субектілері уақытша жабылады. Облыстың бас санитары Қайрат Баймұхамбетовтың қаулысына сәйкес, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарымен шектесетін аумақтарда қосымша санитарлық бекеттер қойылады. Аталған облыстармен шекарада жүк тасымалдаушы, жеткізу қызметі, өңірдің тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті арнайы көліктер, медициналық ұйымдар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының көліктерінен басқа жеке машиналар мен адамдардың қозғалысы шектеледі.

Сол сияқты, әуежайдың жұмысы, аудандық, қалалық автовокзалдардың, автостанциялардың қалааралық, ауданаралық автобус байланыстары тоқтатылып, ресми такси қызметінен басқа жеке тасымалдаушылардың жүруіне тыйым салынды. Жәрмеңкелер өткізілмейді, азық-түліктік емес сауда орталықтары, бизнес-орталықтары, интернет және компьютерлік клубтар, базарлар, қоғамдық тамақтану орындары, діни нысандар, балабақшалар да жабылады. Жасы 65-тен асқан азаматтардың көшеге шығуына болмайды, кәмелет жасына толмағандар да ата-анасыз өз бетімен сыртта жүре алмайды. Саябақ, сквер, орталық алаң сияқты орындарға баруға тыйым салынған. Ондай орындарды полиция күзетеді.

«Ал азық-түлік дүкендері мен дәріханалардың жұмыс уақыты сағат 8.00-ден 20.00-де дейін, ал екінші деңгейлі банктер, пошта байланысы мен жеке нотариустар жұмыстарын тек сағат 10.00-ден 16.00-ге дейінгі аралықта ғана істей алады. Жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда бір отбасының мүшелерінен басқа 3-тен артық адамның жиналуына, отбасылық шаралар өткізіп, қонақ шақыруға, қонаққа баруға болмайтынын да ескертеді. Сол сияқты, сыртқа маскасыз шығуға тыйым салынған», - деді облыстың бас санитары Қайрат Баймұхамбетов.

Облыс әкімі Амандық Баталов қайырымдылық қорының жұмысын көтеріп, вирус анықталған аудандарда көмекке мұқтаж адамдардың нақты санын анықтауды тапсырды.

«Ертең маған қайырымдылық қорының жұмысы жандандырылды ма, қандай іс атқарды, сол туралы есеп бересіңдер. Және ол көз үшін емес, шын мұқтаж адамдарға көмек көрсету үшін атқарылуы тиіс», - деді А.Баталов.

Облыс басшысының сөзінше, өңірде маска жетіспейді. Ал, ірі өндіріс орындарының басшылары өз жұмысшыларын кәсіпорын аумағынан ешқайда шықпай жұмыс істеуіне жағдай жасауы тиіс.

«Біз облыста вирус жұқтырған адамдар санының артуына байланысты шектеу шараларын күшейтуге мәжбүрміз. Енгізілетін шектеу талаптарын карантин кезіндегіден де қатаң сақтауымыз керек. Карантин енгізілген Алматы қаласымен шекаралас болғандықтан, облыста он есе сақ болуға тиіспіз. Қабылданған қаулының әр тармағының орындалуы қатаң қадағалансын. Бізде вирустың таралуына жол бермеу шараларына қажетті техника жеткілікті, қаржы бар, мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл жұмыстың нәтижелігі ең алдымен жергілікті жердегі әкімдердің жинақы, нақты, жедел жұмыс істеуіне байланысты. Сондықтан маған күнделікті әр аудан, қала бойынша нақты мәлімет беріп отырасыңдар, - деді А. Баталов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде вирус жұқтырған 8 азаматтың да жағдайы бір қалыпты, барлығы ем алып жатыр. Ал олармен байланыста болғандар карантинге алынған.

Еске салайық, Қазақстанда коронавирус жұқтырған 308 адам тіркелді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы облысы