Жыл басынан бері БҚО-да 29 адам бруцеллезге шалдыққан

Azattyq Rýhy

Бүгінде бруцеллез облыс орталығы мен бес ауданда тіркелген

Жыл басынан бері БҚО-да 29 адам бруцеллезге шалдыққан
Фото ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында бруцеллез ауруы жиілеген. Жыл басынан бері 29 адам қауіпті кеселге шалдыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Аурудың малдан жұғатынын айтқан мамандар ауылдағы ағайынға барынша сақ болуды ескертеді. Өйткені уақытылы емделмеген сырқат созылмалы дертке айналып, науқастың мүгедек болып қалуы да ықтимал.

Бүгінде бруцеллез облыс орталығы мен бес ауданда тіркелген. Бір қиыны аурудың белгісі бірден білінбейді. Сондықтан қызуы көтеріліп, буыны сырқырағанына мән бермегендердің ұзақ жүріп қалуы мүмкін. Ал уақытылы емделмей, асқынған дерт адамды мүгедек қылып тынады.

 «Адамдардың қан сарысуын тексерген кезде бруцелла мелеценза қоздырғышы анықталып отыр. Біздің мамандармен, аудандық, қалалық мамандармен жаңағы ошаққа барып, ветеринарлық мамандармен бірігіп, ошақтарды тексеріп, онда анықталған 89 тұлғалар анықталды. Оның ішінде зейнеткерлер де бар, оқушылар да бар, кітапханашы, ауыл тұрғындары қарапайым», - дейді БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Гүлмира Кажушева.

Мамандар сарыптың сиремеуін ауылдықтардың қарапайым тазалық шараларын сақтамауымен байланыстырады. Өйткені бұл ауру адамға малдан жұғады. Сондықтан қораға кірерде бөлек киім киіп, уақытылы ауыстырған да артық етпейді. Төрт түлікті жыл сайын тексертіп, төлінің өлі туғанын көрсе, мамандарға хабарлауы керек. Ал мал дәрігерінің рұқсатынсыз ет пен сүтті сатуға болмайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.