$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.03.2020, 17:43
Қоғам

Фотореп: карантинге жабылған Нұр-Сұлтан, жөн сұраған полиция

Нұр-Сұлтан қаласында шектеу күшейтілген соң көлік қозғалысы да, көшеде жүрген адам қарасы да айтарлықтай азайды

Фотореп: карантинге жабылған Нұр-Сұлтан, жөн сұраған полиция
Фотолардың авторы: Батыржан Беспаев

Үкімет 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласында карантин режимін күшейту туралы шешімді бекітті. Осыған байланысты ел астанасы аумағында жаңа шектеулер енгізілді. Бүгіннен бастап Қазақстанның бірнеше қаласы карантинге жабылды. 

30 наурыз бен 5 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан мен Алматыда кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы уақытша тоқтатылады.

Мемлекеттік комиссия меншік түріне қарамастан, барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешімді бекітті. Банктер де жұмысын тоқтатты. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматы мен Нұр-Сұлтанда себепсіз көшеге шыққандар 15 күнге қамалуы мүмкін екенін айтты.

Көшеде бейсауат жүрген адамдарға алдымен ескерту жасалады. Содан соң 26 500 теңге көлемінде айыппұл салынуы немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.

Төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Нұр-Сұлтан мен Алматы журналистері қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Қазір мұндай шектеулер басқа да өңірлерге енгізіліп жатыр. 

Соңғы мәлімет бойынша Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырғандардың саны 167 адамға жетті.

Серіктес жаңалықтары