$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Еділ Жаңбыршин заңсыз активтерді халықтың әл-ауқатын арттыру үшін пайдалануды ұсынды

Ол бірқатар бастама айтты

Еділ Жаңбыршин заңсыз активтерді халықтың әл-ауқатын арттыру үшін пайдалануды ұсынды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

«AMANAT» фракциясының мүшесі, депутат Еділ Жаңбыршин активтерді тиімді пайдалану мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

«Халықаралық рейтингтер бойынша, Қазақстан капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді. Көптеген сарапшылардың болжамы бойынша соңғы отыз жыл ішінде Қазақстанннан 200 млрдтай АҚШ доллары сыртқа шығарылған. Бұл – Ұлттық қордағы қаржыдан төрт еседей жоғары.Осы сыртқа заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару мақсатында Мәжіліс депутаттарының бастамасымен «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару  туралы» заң әзірленіп, қабылданды. Биылғы жылдың шілде айында Президент заңға қол қойды», - деді ол.

Депутат атағандай, осы заңға сәйкес қайтарылған қаржылар, мүліктерді қайтарудан және өткізуден түскен ақшалар Арнаулы мемлекеттік қорға түседі.

«Қайтарылған қаржыларға әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептерді салу басталып кетті. Бұл өте дұрыс қадам. Өйткені өңірлерде үш аусымды оқытуды жою және ескі білім ордаларын жаңалау қажет.

Болашақта салынатын әлеуметтік нысандар мен өндіріс ошақтарын, сонымен қатар өңірлеріміздің тұрғындарын тұрақты түрде үздіксіз су, ток, жылумен қамтамасыз ету өте өзекті болып отыр. Өйткені энергетикалық нысандарымыздың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Кейбір нысандарда тозу 100% жеткен, электр желілердің тозуы орташа есеппен 66% болып отыр. Биылдың өзінде энергетикалық орталықтардағы апаттардың салдарын жою үшін республикалық бюджет резервінен Көкшетаудағы қазандықтарды жөндеуге 2,0 млрд теңге, Екібастұздағы жылу электр орталығына – 7,4 млрд теңге, Ақтаудағы МАЭК-ке – 4,9 млрд теңге, Риддердегі жылу электр орталығына – 7,2 млрд теңге бөлінді», - деді ол.

Жаңбыршин атағандай, жұмыс ресурстары шегіне жетіп, әбден тозған энергетикалық жабдықтарды жаңалауға және Президенттің өткендегі Жолдауында міндеттелген 14 ГВт қуатты салу үшін қомақты қаржы қажет.

«Қуаттарды тарифті өсіріп, халыққа жүктеме салып немесе бюджет арқылы іске асыру мүмкін емес. Өйткені азаматтарымыздың көпшілігі тапқан табысын күн көрісіне әрең жеткізіп отыр, ал бюджет мүмкіндігі шектеулі.

Сондықтан тарифті көтеруден және бюджеттен басқа қаржы көздерін іздеуіміз қажет. Сондай қаржының көзі – елімізден әр түрлі жолдармен шетелдерге шығарылған, миллиардтаған АҚШ долларындай активтер. Тіпті оның ішінде энергетика саласынан шығарылған қаржыларда болуы мүмкін. Кезінде ол қаржылар Қазақстанның стратегиялық нысандарын модернизациялауға, экономикасын дамытуға жұмсалу керек еді», - деді ол.

Депутат атағандай, жақында бұқаралық ақпарат құралдарында 837,4 миллиард теңге қайтарылған деген ақпарат жарияланды.

«Бұл аз қаржы емес. Себебі жаңа жоғарыда айтылған төрт қаланың ірі энергетикалық орталықтарын жөндеуге бюджет резервінен 21,5 млрд теңге жұмсалған болатын. Жоғарыда аталған заңға сәйкес әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және олардың өлшемшарттарын айқындау тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.

Сондықтан қайтқан қаржыны тек әлеуметтік нысандарға жұмсап қоймай, экономикалық жобаларға жататын - стратегиялық нысандарды аяғынан тұрғызуға, оның ішінде энергетика объектілерін салуға және тозығы жеткен жабдықтар мен желілерді жаңалауға жұмсау қажет. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырады, бюджет қаржыларын үнемдейді, ең бастысы тарифті көтеріп халықты қинамаймыз», - деді ол.

Депутат тағы да бір маңызды бағыт - ол жұмыссыздық белең алған өңірлерде жаңа кәсіпорындарды ашуға осы активтерді пайдалану екенін айтты.

«Неге осы активтерді ішкі нарықта айналдырып, зауыт, фабрика салуға жұмсамасқа? Сол кезде өңдеу саласы дамиды, жергілікті құрылыс материалдарын шығарамыз, импорттық тауарлар мен қызметтерді өзімізде оқшаулаймыз, біліктілігі жоғары мамандарға сұраныс көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, өңірлердің салық базасы артады және басқа да мультипликативтік эффектке қол жеткіземіз.  

Қайтарылған қаржылар экономикалық оң нәтиже беретін, халықтың әл-ауқатын көтеретін бағыттарға жұмсалса тиімді болады. Бұл әділ шешім болар еді.

Сонымен қатар, қайтарылған қаржылар мен активтердің көлемін және олардың қайда жұмсалып, кімдер игеріп жатқанын азаматтық қоғам біліп, барлық тараптан қатаң бақылау болуы керек. Сондықтан осы мәселеге қатысты барлық мәліметтер арнайы интернет сайтта ашық жарияланып, әр қазақстандық кез-келген уақытта көріп отыруы тиіс», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ

Серіктес жаңалықтары