ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 78 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Алматыда коронавирус жұқтырғандардың 97 пайызы – шет елдерден келгендер

Қалған 3%-ы - жергілікті тұрғындар

Фотода: Алматының бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова

Бұл туралы Алматы қаласында өткен брифингте қаланың бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова хабарлады.

«13-30 наурыз аралығында Алматыда сырт елдерден келген 26 адамнан қауіпті инфекция анықталып, олар айналасындағы 45 адамға жұқтырған. Инфекция жұқтырғандардың дені Мәскеу – Алматы бағыты бойынша әуе рейсімен келген жолаушылардан анықталған. Олар шамамен, барлық ауырғандардың 40 пайызы. Одан кейін Берлин – Алматы бағыты (23 пайыз), содан соң Минск – Алматы бағытындағы халықаралық рейспен келген жолаушылардан анықталды (17 пайыз)», - деді Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Айзат Молдағасымова.

Маманның айтуынша, инфекция жұқтырған науқастардың 62,5 пайызы – әйелдер, 37,5 пайызы – ер адамдар.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев дәл қазір Алматыда коронавирус жұқтырған 73 адамның стационарлық мекемелерде ем алып жатқанын айтты.

«Қалалық инфекциялық ауруханада 66 адам ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 58 адамның жағдайы бір қалыпты, 1 адам ауыр халде жатыр, 6 науқастың жағдайы орташа қалыпты жағдайда. Ал 1 бала әкесімен бірге қалалық балалар инфекциялық ауруханасында стационарлық ем қабылдап жатыр. Осы күнге дейін Алматыда 7 адам айығып, отбасына оралған», - деді ол. 

Басқарма басшысы шаһарда Алматы облысынан арнайы тартылған 12 мың медицина қызметкерінің жұмыс істеп жатқанын айтты. Олардың 8,5 мыңы жатақханада тұрады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы