Қоқыс орындарының ең көп саны қай өңірде шоғырланған
Биыл қоқыс орындарының 50 пайызы жойылған

ҚР Үкіметі отырысындағы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қоқыс орындарымен күресу шаралары жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ғарыштық мониторинг мәліметтері бойынша 2022 жылы анықталған заңсыз қоқыс орындары толығымен жойылған жоқ, жойылған бөлігі 77% құрайды. Қоқыс орындарының ең көп саны Қарағанды, Ақмола облыстарында және Астана қаласында екені анықталды. Ақмола облысы бойынша – 830 (оның 88% жойылды), Қарағанды облысында – 745 (оның 99% жойылды). Қоқыс орындарын жою жұмыстары Абай (10 %), Ұлытау (15 %) облыстарында және Астана қаласында нашар жүргізілді», - деді ол.
Министр атағандай, 2023 жылдың мамырынан бері 5578 қоқыс орны анықталып, оның 50% ғана жойылды.
«Сондай-ақ жою бойынша жұмыс деңгейінің төмен екені байқалды: Абай және Маңғыстау облыстарында – 16% (Абай облысында 348 нысан анықталды, оның 57-сі жойылды; Маңғыстау облысында 111 нысан анықталды, оның 18-і жойылды), Ұлытау облысында – 20% (анықталған 205 нысанның 42-і жойылды), Астана қаласында – 30%-ды құрады (338 нысан анықталды, оның 104-і жойылды)», - деді ол.
Нысанбаев атағандай, заңсыз қоқыс орындарының пайда болуының негізгі себебі – коммуналдық және құрылыс қалдықтарымен дұрыс жұмыс істемеу, бұл әкімдіктер тарапынан жұмыс деңгейінің төмендігін, сондай-ақ қалдықтарды шығарушылар тарапынан құрылыс қалдықтарын басқару жөніндегі талаптардың сақталуын бақылаудың төмендігін көрсетеді.
«Әкімдіктердің осы салада инфрақұрылымды дамытуға, оның ішінде жер учаскелерін беру, инфрақұрылымды қосу іс-шаралары мен экономикалық инструменттерді әзірлеу, бизнес субъектілеріне преференция беру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу сияқты қажетті құзыреттері бар. Осыған орай, әкімдіктер қоқыс шығаратын ұйымдарды ақпараттық жүйе жұмысына қосуды қамтамасыз етуі қажет», - деді ол.