Құлпынай теруге құлшынған бір топ қараша алаяқтарға алданып қалды
Еліміздің алты облысындағы 300-ден астам адам шетелде жұмыс істеу үшін тараздық компанияға барын берген
Англияға барамыз деп алданып қалды. Еліміздің алты облысындағы 300-ден астам адам шетелде жұмыс істеу үшін тараздық компанияға барын беріп, жер сипап қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алаяқтардың арбауына түстік дегендер бүгін Жамбылда жиналып, полиция бөлімінің алдында шу шығарды. Себебі шетелден жұмыс тауып береміз деген компания миллиондаған қаржыны қалтасына басып, ізім-ғайым жоғалған. «Центр трудоустройства» серіктестігінен жарты жылдан бері жауап жоқ дейді жиналғандар.
«Не ақша жоқ, не жұмыс жоқ! Жетіскеннен бара жатқан жоқпыз. Зарплата бізде нормальный қылып, өмір сүретіндей, жететіндей болса біздің шетелге қаңғып неміз бар?», - дейді Тараз тұрғыны Назира Тайкиева.
Бұл Англия асып, көл көсір пайдаға кенелеміз деп жер сипап қалған 6 өңірдің жұрты. Шетелге шығу үшін тараздық серіктестіктің қолына басы 300 мың, аяғы 2 млн теңгеге дейін санап беріпті. Желіде жарнамасы жер жарған компанияның сан соқтырғанын кеш түсіндік деп күрсінеді. Алаяқтардың арбауына түстік дегендердің бірі 29 жастағы Ұлжан Әбілова. Алматылық ару қазір Англияда құлпынай теріп жүрудің орнына, хат-хабарсыз кеткен компанияны жарты жылдан бері іздеп жүр.
«Ол жақта мен клбуника теріп жүруім керек болатын + 300 мың теңге тамағыңа, жататын орныңа кетеді деген. Чисто миллион қолыңа түседі деп айтқан болатын. Бізде келісімшарт Өтеген Тимур деген кісімен болған болатын. Печать барлығы бар. Но одан кейін ол алдап кетті бізді. Маған 2 айдан кейін жұмысқа барасың деп айтқан болатын. Но 2 ай емес, 6 ай күттім мен. 6 айда ешқандай ответ те, ештеңе де берген жоқ», - дейді Алматы облысының тұрғыны Ұлжан Әбілова.
Онсызда жұмыссыз жүргендерді шетел асу үшін алған несиелері де қысып барады. Елде жүріп мардымды жалақыға жарымадық деген тұрғындар құзырлы орган өкілдеріне үндеу жолдады.
«Біз ҚР Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурадан алаяқтық туралы бапты қатаңдатуды талап етеміз. Олай болмаса алаяқтарға алданған адамдар саны елімізде күннен күнге артып келеді. Өйткені қарашаның миллиардтаған қаржысын заңсыз қалтаға басқандарды 3 жылдан бастап бас бостағынынан айыру деген оларға түкке тұрмайды. Ал біз секілді барын беріп, дымсыз қалғандардың ендігі өмірі не болып жатыр?», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Бақытжан Алдабергенов.
Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қаланың қақ ортасында орналасқан офисі. Қазір жабық тұр. Көрші кабинеттегі кәсіпкерлердің айтуынша ол азаматтардың мұнда келмегеніне аптадан асқан.
Ғимарат әкімшілігі «Центр трудоустройства» серіктестігінің осы орталықта 4 жылдан бері отырғандарын айтты. Бірақ жалдап жүрген офистің осы айдағы ақысын әлі төлмеген екен. Телефондары сөндірулі. Ал полция департаменті алғашқы арыздың қашан және неге тергеудің уақытылы басталмағанын нақты айтып бере алмады.
«Жамбыл облысында тіркелген ТОО-ның атына адамдар ақшаларын берген. Шетелде жұмысқа тұрғызу деген себебімен. Сол бойынша қазіргі таңда бізде ҚК 190-шы бабымен, ҚК тіркелген. Қазіргі таңда қылмыстық іс тергелуде», - деді Жамбыл облыстық ПД бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Алмас Саламатов.
Компанияның ісі толық дәлелденбейінше тәртіп сақшылары оларды тек күдікті ретінде тергеуге алады. Арызданғандардың көптігіне бьайланысты бұл іс бүгін-ертең бітпесі анық. Сондықтан табыс табамыз деп қарызға батқандарға Англия сапары алыстай бермек.