Алматы облысында 7 жасар қыз кәріз құдығына құлап, мүгедек болып қалды
Ата-анасы бұған құдықты қазып, қараусыз қалдырған кәсіпкерді кінәлайды
Алматы облысының Абай ауылында 7 жасар бала кәріз құдығына түсіп, мүгедек болып қалды. Ата-анасы бұған құдықты қазып, қараусыз қалдырған кәсіпкерді кінәлайды. Ал құрылыс нысанына жауаптылар ол жердің жабық болғанын айтып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.
Былтыр ғана осылай ақ көйлегін киіп, мектепке барып жүрген Малика қарашаның 8-і күні сал болып қалады. Баланың мұндай жағдайға түсуіне мына кәріз құдығы себеп. Анасының айтуынша, қызы жолдағы көліктен қашамын деп, қар суына әбден еріп кеткен жұқа тақтаймен ғана жабылған мына құдыққа түсіп кеткен. Сол сәтте қасында болған әкесі дереу ауруханаға жеткізген. 4 сағат ота жасалып, артынша бала бірнеше айға комаға түсіп кетеді. Ал тереңдігі 8 метр кәріз құдығын қазған осы ғимараттың иелері «Малика аяққа тұрып кеткенше көмектесеміз, арыз жазбаңыздар», деп өтінген екен.
«Менің қызыма операция жасалу керек, басында бас сүйегі жоқ, ешкімді танымайды, өзінен өзі айқайлай береді. Кештен бастап таңға дейін ұйқы жоқ. 4-5-тен кейін айқайлап, екі қолын көтеріп, кішкентай бала сияқты болып қалды. Мен де анамын. Қызың аяққа тұрғанша көмектесемін дегенге сеніп, еш жерге арыз жазбадым. Бүгінгі күні «жазатын жеріңе жаз, мен саған көмек бермеймін, ақшам жоқ» деп отыр», - дейді Маликаның анасы Үрзия Құбаниязова.
Ақша жоқ деген кәсіпкерлер, былтыр басталған құрылысты биыл толық аяқтап отыр, дейді Маликаның анасы. Мән-жайды білмек болып барған тілшілер тобына құрылыс нысанан ешкім шығып тіл қатпады. Зардап шегуші тарап ғимараттың иесімін деп таныстырған Анар есімді келіншектің 6 ай 150 мың теңгеден бергенін айтады. Телефон арқылы тілдескенімізде бұл қаражатты кәсіпкер отбасына аяушылық білдіргеннен кейін бердім деп отыр.
Ал ауруханаға түскен баланың жағдайын дәрігерлер бірден полицияға хабарлаған. Бірақ қылмыстық іс қозғалмапты. Оның себебін полиция департаменті әлі түсіндіріп берген жоқ. Көмек қолын созамыз деген кәсіпкерге алданып қалдық деген ата-ана ресми арызды енді жазды.
«Қызым аяққа тұрғанша көмек берем деген, бірақ көмектеспеді. Осындай адамдар жазаға тартылса деймін. Бізге басында сотқа бермей-ақ қойыңдар, аяғына дейін көмектесемін деген. Аяғына келгенде басын алып қашып жатыр. Сол үшін арызымыз қабылданып, іс қозғалса деймін, соны талап етемін», - дейді Маликаның әкесі Ақылжан Өмірзақов.
Ал бұл жайтты тілшілерден естіген Райымбек ауылдық округінің әкімдігі отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етеміз деді. Сондай-ақ, жанұяның қай санатқа жататыны анықтап, тұрғын үй алу бойынша кезекке тұруға көмектесетіндіктерін жеткізді. Ал ата-ананың басты арманы – Маликаны аяққа тұрғызып, қатарластарынан қалдырмау.