AMANAT азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған акция бастады
8 айдың ішінде партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 4 мыңнан астам азамат жүгінді
Партия азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған «Табысқа бастайтын қадам. Жұмысқа орналасуға көмек» жаңа әлеуметтік акциясын бастады. Акция аясында республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде сауда өкілдері қауымдастығы, «Big star» ЖШС компаниясы, «Тұран-Астана» Университеті және ҚР Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінің қатысуымен азаматтарды алғашқы қабылдау өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Азаматтарды алғаш қабылдауды аша отырып, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева акцияның өзектілігіне тоқталып өтті.
«Бүгінде жұмыссыздық – ең өзекті мәселелердің бірі. Жастар мен аға буын өкілдері жұмысқа орналасу кезінде қиындықтарға тап болып, жыл сайын жұмыссыздар санының айтарлықтай өсуі байқалады. Біз өтініштерге тұрақты негізде мониторинг жүргізе отырып, адамдардың қажеттіліктерін анықтаймыз. Тек 8 айдың ішінде партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жұмысқа орналастыру және еңбек даулары мәселелері бойынша 4 мыңнан астам азамат жүгінді. Мониторинг негізінде біз осындай акцияны іске қосуды ұйғардық» - деді Әлия Садырбаева.
Өз кезегінде «Тұран-Астана» университетінің ректоры Гүлжамал Жапарова мұндай бастамалардың жұмыс іздеушілер үшін ғана емес, оқу орындары үшін де маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінде студенттердің басым көпшілігі оқу орнын аяқтаған соң, жұмыссыз қалады. Жұмыс берушілер тәжірибесі жоқ жас мамандарды алғысы келмейді. Егер оларды жұмысқа қабылдамаса, қалай тәжірибе жинайды. Бұл көңіл көншітпейтін жәйт. Өздеріңіз білетіндей, оқу орындарының қызметінің тиімділігі түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша бағаланады. Сондықтан біз бұл мәселеде партияның қолдауы мен оның бастамасын жоғары бағалаймыз», - деді Гүлжамал Жапарова.
Кездесуге жұмыс берушілер де шақырылды. Олар өздерінің бос жұмыс орындарымен бөлісіп, акция аясында жұмыс іздеушілермен сұхбаттасты. Сонымен, «Тұран-Астана» университетінің «Дизайнер» мамандығы бойынша түлегі Андрей Гизатулин сол ЖОО-на баспахана қызметкері болып орналасты. Акцияға қатысқандардың бірі Аида Молдағалиева «Big star» ЖШС компаниясына менеджер лауазымына орналастырылды. Осы және өзге де жұмыс іздеген қатысушылар жұмыс берушілермен кездесуге және жұмыс табуға мүмкіндік алды.
«Табысқа бастайтын қадам. Жұмысқа орналасуға көмек» акциясы аясындағы қабылдаулар барлық өңірлердегі қоғамдық қабылдау алаңдарында тұрақты негізде жүргізілетін болады. Жұмысқа орналасуға ниетті кез келген адам кеңес алуға өтініш бере алады. Акция «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ, «Атамекен» ҰКП және басқа да ұйымдардың көмегімен өткізіледі.
Еске сала кетейік, партияның сайлауалды бағдарламасында қызметкерлердің құқықтарын қорғау, қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселелеріне ерекше назар аударылады. Мәселен, жыл сайын «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 40 мың жас кадрды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. «Жасыл ел» жобасы аясында жыл сайын 30 мың жас маманды, оның ішінде 10 мың ауыл жастарын жұмыспен қамтамасыз ету көзделген. Жалпы, партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде 2027 жылға дейін 1,5 миллионнан астам жасты жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланған.