«Тұрғын үй санын шектеу керек пе, әлде реттеу керек пе»: сарапшылар баспана бағасын болжады
Мамандар тұрғын үй құрылысы қарқынының төмендеуі «уақытша құбылыс» екенін айтты
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тұрғын үй нарығында бір жылда (2022 жылғы тамызға қарағанда биылғы тамызда) жаңа тұрғын үйлердің құны 4,4% қымбаттады. Ал пәтерлерді қайта сату бағасы 2,9% төмендеді.
Осы ретте, Azattyq Ruhy тілшісі нарықтағы тұрғын үй бағасы мен жылжымайтын мүлік нарығындағы өзгерістер жайлы сарапшылар пікірін тыңдады.
ЕЛІМІЗДЕ ТҰРҒЫН ҮЙ АЗ САЛЫНА БАСТАДЫ
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда еліміздегі тұрғын үй құрылысының қарқыны 6 процентке азайды. Бұл – Ұлттық статистика бюросының ресми дерегі. Мысалы, биыл жыл басынан бері 6 айда Астанада барлығы 166 үй салынды. Бұл өткен жылдың қаңтар-маусымына қарағанда 30%-ға аз. Астанадан басқа Алматыда, Қарағанды және Павлодар облыстарында да осындай тенденция байқалады. Ал, халықтың тұрғын үйге сұранысы қандай?
«Бұл – тұрғын үй бағасының қымбаттауына тікелей әсер ететін бірінші себеп. Яғни, бізде сұраныс өте үлкен. Жалпы, талдайтын болсақ, Қазақстанда тұрғын үй мәселесі өте күрделі. Бұған себеп, Кеңес дәуірінде әр азаматқа 16 шаршы метрден тұрғын үй нормативі бар еді. 30 жылда біз бұл нормативті 22 шаршы метрге жеткіздік. Әрине, бұл аз. Сұраныс көп болған соң, оның бағасы қымбат. Ал, Еуропа елдерінде үй нормативі әр азаматқа 40-50 шаршы метрден есептелген», - дейді экономика ғылымының кандидаты, қаржылық сарапшы Сапарбай Жобаев.
ТҰРҒЫН ҮЙ САЛУДЫ ТЕЖЕУГЕ ТАҒЫ БІР СЕБЕП – ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Нақтырақ айтқанда, инфрақұрылымның сәйкессіздігі. Инфрақұрылымның тұрғын үй қарқынына ілесе алмауы, әсіресе, Астанада өзекті. 2021 жылдан бастап, жылжымайтын мүлікке инвестиция салу үшін ақша сомасын алуға рұқсат етілген кезде, өсім жоғары болды, дейді маман. Халық саны, динамика өсуде. Еліміздің бас қаласының билігі, тіпті, жаңа тұрғын үй кешендерін салуға тыйым салуға мәжбүр болды.
«Әрине. Астанадағы су тапшылығын біздің билік шештім деп есептеп жатыр. Үй салуды «шектеу» емес, «реттеу» деп айтып жатыр. Дамыған мемлекеттерде бұл экономикалық жолмен шектеледі. Су, жер тапшылығы болса, үйлердің бағасы өседі. Ауылдағы, кіші қалалардағы үйлердің бағасы қолжетімді болып, халықтың қалаға көшуін экономикалық жолмен шектейді.
Моноқаладағы тұрғын үй қорын біз дұрыс пайдаланбаймыз. Тұрғын үй индустриясына шетел өнімдерін өте көп пайдаланамыз. Инфляция, теңге бағамының өзгеруі, қосымша құн салықтары салынған соң, материалдың бағасы қымбаттайды. Сәйкесінше, тұрғын үй бағасы да қымбат болады», - деп маман болжамымен бөлісті.
Сарапшылар болжамынша, тұрғын үй бағасы арзандамайды. Бірақ, өсім де айтарлықтай жоғары болмайды.
«Республика бойынша бастапқы нарықтағы жылжымайтын мүліктің бағасы жыл басынан бері небәрі 1,6%-ға, Астана қаласында 2,1%-ға өсті және Алматы қаласында өзгеріссіз», - деп атап өтті Halyk Finance сарапшылары.
Өңірлер бойынша, жаңа үйлер нарығында жылдық баға көрсеткіші Ақтауда 18%, Семейде 16%, Павлодарда 15,5% қымбаттады. Ең жоғары өсім көрсеткіші Солтүстік Қазақстан облысында (80,4%-ға) байқалды. Азаюдың ең жоғарғы көрсеткіші Қызылорда облысында (-15,5%-ға) тіркелді.
Көптеген сатып алушылар мемлекеттік бағдарламалардың зейнетақы инфузиясы есебінен тұрғын үй бағасы аздап төмендеуі керек, деген пікірде болды. Алайда, жылжымайтын мүлік бағасы арзандаған жоқ, дейді сарапшылар. Бұл ретте, баспана жөніндегі маман Айнұр Сүгірбекова тиімді мемлекеттік бағдарламалардың жоқтығын айтып отыр.
ОҢТАЙЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР АЗ
«Оңтайлы мемлекеттік бағдарламалар аз. Ә«Әскери баспана», «Нұрлы жер», «Шаңырақ» бағдарламалары бар. Олар бойынша, тұрғын үй жылына бір рет қана беріледі. Одан кейін, «30/70» ипотекалық бағдарламасы бар. Жаңа салынған үйлерді осы бағдарлама алуға болады. Қазір коммерциялық банктер әріптестік ипотека шығарған. Ол 14,5 процентпен береді. Осы бағдарламалар салыстырмалы түрде қолжетімді», - дейді баспана жөніндегі маман Айнұр Сүгірбекова.
Сарапшылар жалпы жыл соңына дейін жылжымайтын мүлік нарығында түбегейлі өзгерістер күтілмейді, деп болжайды. Нарықтағы ұсыныс көлемі, балама ретінде депозиттер бойынша жоғары пайыздық мөлшерлемелер, сондай-ақ қор нарығына және инвестициялардың басқа құралдарына қызығушылықтың артуы жағдайында бағаның тоқырауы жалғасады.
Ал қазақстандықтар қолжетімді ипотеканың пайда болғанын күтеді; тұрғын үй құрылысы қарқынының төмендеуі - уақытша құбылыс, дейді сарапшылар. Себебі, халық саны өсіп жатыр. Тұрғындардың көбі үлкен қалаларға көшіп келеді және барлығы өздерінің жеке пәтері болғанын қалайды. Сондықтан жаңа жылжымайтын мүлікке сұраныс үлкен болады деп күтілуде.
Ең бастысы, үйлердің жанында - әлеуметтік нысандардың салынуы. Соңғы 6 айда елде тек 15 мектеп, 17 балабақша, 17 мектепке дейінгі мекеме, бір аурухана және жеті емхана салынған.
Авторы: Сымбат ҒАЛЫМЖАН