Сенатор жер үлесі иелерінің «бірыңғай реестрін» жасақтауды ұсынды

Аягөз Құрмаш

Елімізде проблемалы жер үлесінің 81 мың иесі мен 169 проблемалы кәсіпорын анықталған

Сенатор жер үлесі иелерінің «бірыңғай реестрін» жасақтауды ұсынды
Коллаж: Azattyq Ruhy

ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше олардың есебінде 4,1 млн гектар ауыл шаруашылығы жері тіркелген. Ал 868 мың гектар жер қаржы ұйымдарына заңсыз кепіл ретінде қойылып кеткен. Аталған мәселе туралы сенатор Әли Бектаев өзінің Премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сенатордың айтуынша, тұрғындар өз жер үлестерінен пайда көруі керек.

Алайда «жоғары сыйақы» ұсынатын жаңа инвесторлар іздеп, пай үлестерін істеп тұрған шаруашылықтың ең құнарлы жерлерінен бөліп беруді талап етіп, дауласып жүрген «жосықсыз» үлескерлер де көбейіп келеді.

Сенатордың пікірінше, мұндай жағдай «тұрақты жер пайдаланушылар мен өнім өндірушілердің» қалыптасуына және өндіріс тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан жер үлесі иелерінің құқығымен қатар жауапкершілігін де белгілеп, шаруашылықтардағы жер үлестеріне қатысты ашықтықты қалыптастыру үлкен маңызға ие болып отыр.

«Аталғандардың негізінде, Үкімет тарапынан келесі мәселелерді қарастыру қажет деп есептейміз.  Біріншіден, ауыл шаруашылығы ұйымдарының жарғылық қорына салым немесе жарна ретінде берілген жер үлесі иелерінің «бірыңғай реестрін» жасақтау керек. Жарғылық қорға берілген жер үлесі иелеріне тиесілі сыйақы мөлшері туралы ақпараттардың жетімділігін қамтамасыз ету, қажет болған жағдайда заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізуде үлкен маңызға ие.

Қаржы ұйымдарына кепіл ретінде заңсыз қойылған үлес жерлерді қайтарудың әдістемесі мен алгоритмін әзірлеу керек. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан шаруашылық құрылтайшылары мен «жер үлесі» иелерінің құқықтары туралы, дивидендтерді бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді де кейінге қалдыруға болмайды», - деді депутат.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.