«Барлығы тозған»: Сәдібеков Түркістан облысындағы мектептердің жөнделуіне қосымша қаржы бөлуді сұрады
Оған жергілікті бюджеттің қаражаты жетпейді
Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Мәжілістің жалпы отырысында Түұркістан облысындағы мектептердің жағдайы мен балалардың тегін тамақтануы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Түркістан облысындағы 907 мемлекеттік мектептің 121-іне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындап отыр (жалпы қажетті сома 88,8 млрд. тг). Бұл білім ордалары 1939-2011 жылдар аралығында салынған. Барлығы тозған. Қабырғаларының сылағы түсіп, сыры кеткен. Едені мен шатыры құлауға айналған. Есік терезелері де ескірген. Қысқы мезгілде суықты ұстап тұру мүмкін емес. Араларында сабан лайдан тұрғызылған мектептер де бар. Жалпы, өңірдегі 110 мектепте асхана жоқ. Сондықтан, кей білім ордаларының қасынан қосымша ғимарат салуды қажет етеді. Бүгінгі күні сол 121 мектептің 51-іне жергілікті атқарушы органдар тарапынан ЖСҚ-ы (жобалық-сметалық құжаттамасы) әзірленіп жатыр. Дегенмен, күрделі жөндеуге жұмсалатын қаражат мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Жергілікті бюджет қаражаты жетпейді», - деді ол.
Депутат атағандай, елдегі ағайын бар үмітін республикаға артып отыр. Жалпы 51 мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат болжаммен 37 млрд теңгені құрайды.
«Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі Жол картасының 62-тармағында «Білім беру ұйымдарында, барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету» керектігі айтылды.Түркістан облысында 1-4 сыныпта оқитын балаларды ыстық тамақпен қамту ісі биылғы оқу жылынан басталды. Қазіргі таңда 156 255 бастауыш сынып оқушысы үлкен қоңырауда ыстық тамақ ішіп жүр. Сондай-ақ, әлеуметтік осал топтардан шыққан 43 591 бала (оның ішінде 1-4 сыныптарда оқитын 31 577 бала) мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Жалпы қыркүйек – желтоқсан айларына оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға жергілікті бюджеттен 6 млрд 197 млн теңге қаралған. Ал 2024 жылдың қаңтарынан бастап Түркістан облысындағы бастауыш сыныптарда білім алатын 187 832 бала тегін ыстық тамақпен қамтылуы қажет. Бұл бағытқа шығындар 16,8 млрд теңгені құрап отыр», - деді ол.
Сәдібеков атағандай, 2024 жылы 907 мектептегі бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қажетті 16,8 млрд теңгені жергілікті бюджет есебінен шешуге өңірдің мүмкіншілігі жоқ.
«Сондай-ақ, 51 білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті 37 млрд теңгені де жергілікті бюджет көтере алмайды. Сондықтан қос мәселеге қатысты жағдайларды ескере отырып, аталған қаржы көлемін республикалық бюджеттен бөлуге ықпал жасауыңызды сұраймын», - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ