«Мешіт-құлшылық ететін орын»: Астанада түнде мешітке түней алмағандар жайлы
Онда жатын орындар қарастырылмаған
Әлеуметтік желіде Әбу-Насыр Әл-Фараби мешітіне келушілерге қонуға рұқсат бермей, есігін құлыптап алған күзетші түскен видео тарады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Видеодағы адамдар пәтер жалдауға ақшасы болса да, мешітке түнегілері келгенін айтады.
Бұл мәселеге қатысты мешіт қызметкерлерінің пікірін сұрап білдік.
«Мешітке келушілерге Құтпаннан кейін мешіт жабылатыны ескертілді. Таң намазына бір сағат қалғанда, яғни таңғы сағат 4-те қайта ашылады. Мешітке құлшылық еткіңіз келсе кіріңіз,бірақ ұйықтауға мүмкіндік жоқ деп айтылды. Кейін осы видеоны түсіріп алған», - деді Әл-фараби мешітінің қызметкерлері.
Олардың айтуынша, мешітте жатын орындары қарастырылмаған. Алайда көмек сұраған жандарға тамақ пен киім дағынан мешіт өз мүмкіндігінше жәрдемдеседі.
«Мешіт ең алдымен құлшылық етуге арналған орын», - дейді қызметкерлер.
Мешітте түнеуге қатысты Әбу Ханифа мазһабының тәртібі бар.
«Ханафи мазһабы бойынша бөтен елден келген жолаушы мен иғтикафта отырған адамнан басқаларына мешітте ұйықтау мәкрүһ болып табылады. Сол сияқты, мешіттің намаз оқылатын залында жағымсыз иісі жоқ тамақ жеу танзиһан мәкрүһ. Ал намазхандарға зиян келтіретін жағымсыз иісі бар сарымсақ сияқтыны жеу тахриман мәкрүһ үкіміне жатады. Сондықтан да күнделікті мешітке келуші жамағат барынша жоғарыдағы мәкрүһ істерден аулақ болған жөн»,- делінген осыған дейін тараған діни басқарманың ақпаратында.