Бұған халық қарсылығы түрткі болған
Соңғы жылдары қоғамда азаматтардың қарсылығына ұшыраған танымал теле бағдарлама жабылады. Тіпті, мәселеге Президент араласты. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.
«Соңғы кездері республикалық арналардан шығып жатқан халқымыздың менталитетіне сай келмейтін, қазақтың салт-дәстүріне, ұлттық болмысымызға қайшы, шығыстық қалпымызға сәйкес емес «Қалаулым», «Қалауым сен» атты бағдарламаларға қоғам тарапынан қарсылық көбейіп кетті. Азаматтар әлеуметтік желілерде қол жинап, бағдарламалардың жабылуын талап етіп, БАҚ беттерінде түрлі сыни мақалалар жарияланып жатыр. Мемлекет басшысы аталған бағдарламаларға қатысты қоғамның ұстанымын біледі. Соған сәйкес тапсырма берілді. Халықтың пікірі ескеріліп, арналардың да саясатына нұқсан келтірмей тиісті шешім шығарылады», - деп жазды ол.
Айта кетейік, «Қалаулым» бағдарламасы Еуразия бірінші арнасында 2017 жылы маусым айында алғаш эфирге шыққан. Реалити-шоу. Медианарықта рейтинг көшін бастап тұр. Бағдарлама эфирінде қыз-жігіттер бір бірімен танысып, жұп құрады. Ал «Қалауым сен» НТК арнасында 2019 жылы қыркүйек айынан бері шығады.