Марокконың оңтүстігінде, Марракештен 70 шақырым жерде кеше кешке 6,8 балдық зілзала болды
Марокко Ішкі істер министрлігінің кейінгі дерегі бойынша, зілзаладан қаза тапқандар саны 2012 адамға жетті. 2059 тұрғын жараланды, оның 1404-нің жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Марокконың оңтүстігінде, Марракештен 70 шақырым жерде кеше кешке 6,8 балдық зілзала болды. 19 минуттан кейін 4,9 балдық екіншісі қайталанды. Марокко арналары CCTV камераларына түсіп қалған, зілзала болған сәттерді көрсетіп жатыр. Мейрамханалардың бірінің камерасынан адамдардың емін-еркін террасада тамақтанып отырып, кенет орнынан атып тұрып ғимараттан алысқа қашып жатқанын көруге болады. Ғимараттың ішінен де бір топ адам жүгіріп шығады. Адамдардың аяғының астына терраса шатырының бөліктері құлап жатыр.
Марокко геофизика орталығы Атласс таулары ауданында 7,2 балдық зілзала болғанын хабарлады. АҚШ Геология қызметі жер сілкіну магнитудасын 6,8 балл деп бағалап, айтарлықтай тереңде – 18,5 шақырым жерде болғанын айтты. Зілзала болған таулы аудан Марракештен оңтүстік-батысқа қарай шамамен 70 шақырым жерде орналасқан.
Жерасты дүмпуі жергілікті уақытпен 23:00-ден кейін басталды. Ол жағалаудағы Рабат, Касабланка және Эс-Сувейра қалаларында сезілген. Reuters-тің Марракеш тұрғындарына сілтеме жасап хабарлауынша, ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізіміне енетін ескі қалада бірнеше ғимарат қираған. Жергілікті телеарна мешіт мұнарасының құлаған сәтін көрсетті, деп атап өтті агенттік.
Оқиға туралы ресми ақпарат тек бірнеше сағат өткеннен кейін ғана жарияланды. Әуелде Reuters жергілікті шенеунікке сілтеме жасап, ондаған адамның мерт болғанын жазды. Оның сөзінше, қаза тапқандардың көбі таулы аудандарда тұрады.