Президент Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады

Azattyq Rýhy

Мемлекет басшысы әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек екенін баса атап өтті

Президент Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Отбасы күніне орай құттықтау жолдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Президент әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек екенін баса атап өтті.

«Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады. Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев,

Сондай-ақ ол берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі екенін алға тартады.

«Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді. Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі. Қазақстандағы әрбір шаңырақтың керегесі кең, босағасы берік болсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!», - деді Президент.

Айта кетсек, Отбасы күні Қазақстанда 2013 жылы белгіленіп, әр жылдың қыркүйек айының әр екінші жексенбісінде атап өтілетін болды. 2023 жылы бұл күн 10 қыркүйекке сәйкес келіп отыр. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.